419

Qarmet-тегі 1,8 млрд теңгелік схема әшкере болды

Зауыттан 31 мың тонна өнім жоғалған көрінеді.

Qarmet-тегі 1,8 млрд теңгелік схема әшкере болды
Sputnik

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі Qarmet акционерлік қоғамына тиесілі өнімдердің ірі көлемде ұрлануына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу дерегінше, күдікті ретінде «АлбаСтройДор» ЖШС-нің директоры Сергей Ким ұсталып, уақытша қамауға алынды.

АФМ мәліметінше, 2015 жылы сол кездегі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында домна шлагын қайта өңдеу туралы келісімшарт жасалған. Құжатта қайта өңдеу қалдықтарына иелік етуге тыйым салынғанына қарамастан, тергеу нұсқасы бойынша, Сергей Ким зауыт аумағына еркін кіріп-шығу мүмкіндігін пайдаланып, домналық қоспа мен кесек шойынды жүйелі түрде заңсыз әкетуді ұйымдастырған.

Тергеу материалдарында ұрланған өнімді кедергісіз тасымалдау үшін аффилирленген күзет құрылымы — «Күзет 2050» ЖШС тартылғаны көрсетілген. Күзет қызметкерлері автокөліктердің зауыт аумағына бақылаусыз кіруіне жағдай жасаған. Ал заңсыз иемденілген өнім «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы заңдастырылған.

Агенттік дерегіне сәйкес, қылмыстық схема нәтижесінде 31 мың тоннадан астам металл өнімдері ұрланған. Келтірілген залал көлемі 1,8 млрд теңгеден асады.

Күдікті Сергей Кимге қатысты сот екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор