Астанада банк қызметкері 34 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Шоттағы ақша бір кеште жоғалған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада екінші деңгейлі банктердің бірінде жұмыс істейтін қызметкер ірі көлемдегі қаржыны заңсыз иемденді деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Тергеу дерегіне сәйкес, 49 жастағы банк қызметкері жәбірленушімен ортақ танысы арқылы байланыс орнатқан. Ер адам шетелге кеткен кезде арадағы делдал оны қарыз беру сылтауымен алдап, есепшоттағы қаражатты шешіп алуға рұқсат беретін бейнежазба түсіруге көндірген.
Ведомствоның мәліметінше, сол күні кешке жәбірленушінің есепшотынан небәрі бірнеше сағат ішінде шамамен 18 млн теңге шешіп алынған. Бұдан бөлек, күдікті өзінің қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып, жәбірленушінің жұбайының шотынан тағы 17 млн теңгені заңсыз шешіп алған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 34 млн теңгеден асып отыр.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды қаржылық операцияларға қатысты кез келген рұқсат беруде барынша сақ болуға және ақша шешу немесе аудару туралы өтініштердің барлығын мұқият тексеруге шақырды.
Материал авторы