SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған атышулы блогер Айка әлеуметтік желіде парақша ашып, қоғам мен БАҚ-қа алғашқы үндеуін жариялады.
Айка Instagram желісіндегі парақшасында соңғы үш жылда бастан өткерген жағдайын егжей-тегжейлі баяндаған. Оның айтуынша, бұл кезең өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі болған.
«Сәлем, мен Айкамын. Өмірімдегі үш жыл үш жүз жылдай созылды. Мен Алматыдан, үйімнен, отбасымнан мың шақырымнан астам қашықта болдым. Бұл адам төзгісіз еді. Туғандарымның дауысын, қарапайым құшақтауды, өмірді шынайы ететін ұсақ дүниелерді қатты сағындым», — деп жазды ол.
Блогер бостандыққа шыққаннан кейін денсаулығына байланысты екі операция жасатқанын да ашық айтты.
«Үш жыл қамаудан кейін екі операция — тым көп», — деп жазды Айка.
Кейінірек ол видеоүндеу жолдап, қазіргі таңда жеке өміріне қатысты қысқаша түсініктеме беруге ғана құқығы бар екенін мәлімдеді. Айка қоғамнан өз өміріне құрметпен қарауды сұрады.
«Қазір мен өмірімді қайта қалпына келтіруге тырысып жүрмін. Баламды тәрбиелеп отырмын. Алға адал әрі саналы түрде қадам басуға ниеттімін», — деді ол.
Еске салайық, қараша айында сот Айканың 2020 жылы туған кәмелетке толмаған баласы барын, мінездемесінің оң екенін, жеңілдетілген жағдайда отырғанын, бір марапат пен бір тәртіптік жазасы бар екенін, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша қарызы жоқ екенін ескеріп, жаза өтеуді кейінге шегеру туралы өтінішін қанағаттандырған.
2023 жылдың соңында құқық қорғау органдары «Айки ісі» бойынша тараған атышулы тізімнің ресми түрде жоқ екенін мәлімдеген. Тергеу дерегінше, бұл ақпараттың таралуы бопсалау мақсатындағы тапсырыстық әрекет болуы мүмкін. Кейбір адамдардан ірі көлемде ақша талап етілгені айтылды.
Бұл жағдайға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пікір білдіріп, тексеріс қорытындысы бойынша жауап берілетінін және жеке деректерді заңсыз таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 147-бабына сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салған.
Кейін Алматыда притон ұйымдастыру және есірткіні заңсыз сақтау айыптары бойынша сот процесі басталды. Бас көлік прокуратурасы бұл істің бұған дейін «VIP-сутенер» және Love Aika деген атпен танылған блогер Айкаға қатысты екенін растады.
2024 жылғы мамырда сот Айканы 6,5 жылға бас бостандығынан айырды. Оның сыбайласы 3 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Тамыз айында апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырды.
RUS