Бестеректегі 4 баланың өлімі: Сот кезінде айыпталушыға жедел жәрдем шақырылды
Ер адам эпилепсия талмасы ұстап, аулада ойнап жүрген балаларды қағып кеткен еді. Прокурор оны 9,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бестерек ауылында 6 баланы көлікпен басқан резонанстық іс бойынша сот процесі 29 желтоқсанда күтпеген жағдайдан кейін үзіліс алды. Сотталушының жағдайы күрт нашарлап, прокурордың сотқа 9,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрауынан кейін оған жедел жәрдем шақыртылды. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Журналистер мен онлайн бақылаған туыстар сот залынан қатты айғайлар мен дәрігер шақыру талабын естіген. Сотталушының жағдайы сот үдерісінің соңында күрт нашарлаған. Сот ғимаратына дереу жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Сот бұл жағдайда үзіліс жариялап, іс 16:00-ге дейін тоқтатылды. Еске сала кетейік, 2013 жылдан бері 55 жастағы ер адам эпилепсия диагнозымен медициналық есепте тұр. Прокуратура нұсқасы бойынша, дәл осы аурудың ұстамасы қайғылы оқиға күні көліктің басқаруын жоғалтуға себеп болған.
Мемлекеттік айыптаушы Әділжан Шарапиев сотқа дейінгі ұстанымды білдіріп, жүргізушіні «көп адамдардың өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу» бойынша айыпты деп танып, оған 9 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және 7 жыл бойына көлік басқару құқығынан айыруды сұрады.
Сонымен қатар, прокурор сотталушыны зардап шеккендерге келесі өтемақыны төлеуге міндеттеуді сұрады:
Ернар Буланбаев – 15 млн теңге моральдық, 85 400 теңге материалдық, 200 мың теңге өкілдік шығын;
А. – 15 млн теңге моральдық өтемақы;
Таңшолпан Каримова – 30 млн теңге моральдық өтемақы;
С. – 30 млн теңге моральдық, 336 мың теңге материалдық, 200 мың теңге өкілдік шығын.
Прокурор сөзін аяқтаған соң, үш баласын жоғалтқан Таншолпан Каримова сөз алды:
«Бұл кездейсоқтық емес – адам өзінің ауруын біле тұра көлікке отырған. Біз үш баланы жоғалттық. Бірақ ол бір рет те болсын кешірім сұрамады. Бұған қоса, ол өткен сот отырысында мазақ етіп тұрғандай күліп отырды. Сот қатал жаза беруін сұраймын», – деді ол.
Еске сала кетейік, 19 тамыз 2025 жылы Бестерек ауылында Toyota жүргізушісі көшеде тұрған балаларға соққан. Нәтижесінде екі бала оқиға орнында, бір бала ауруханаға барар жолда қайтыс болған. Қыркүйек айында тағы бір қыз есін жимей қайтыс болды. Екі бала әртүрлі жарақаттармен аман қалды.
Материал авторы