330

Қостанайда мұғалімді боқтаған оқушының анасына айыппұл салынды

Оқушы сабақ кезінде балағат сөздер айтқан.

Қостанайда мұғалімді боқтаған оқушының анасына айыппұл салынды
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында Лисаков қалалық соты мектептегі тәртіп бұзған кәмелетке толмаған оқушының ісін қарап, оның анасына айыппұл салды.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 10 желтоқсанда Лисаков қаласындағы бір мектепте 2011 жылы туған оқушы сабақ кезінде балағат сөздер айтып, мұғалім мен сыныптастарына құрметсіздік көрсетті. Бұл әрекет қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзды.

Оқушының анасы ата-ана ретінде баласының мұндай мінез-құлыққа жол бергені үшін жауапқа тартылды. Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді. Баласымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген, анасы мұғалімнен кешірім сұраған.

Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша, 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірім ұсақ бұзақылық жасаған жағдайда, оның ата-анасы немесе заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Осылайша сот әйелді кінәлі деп танып, айыппұл салды. Бастапқы мөлшер азайтылып, 19 267 теңге деп белгіленді. Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы