321

Көкшетауда Land Cruiser қоршауды қиратып, бас шырша жанында соғылды (ВИДЕО)

Үш жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Көкшетауда Land Cruiser қоршауды қиратып, бас шырша жанында соғылды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда Toyota Land Cruiser жол-көлік оқиғасына ұшырап, қаланың басты жаңа жылдық шыршасына небәрі бірнеше метр жетпей тоқтаған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады.

Алдын ала мәліметке сәйкес, жол апаты 28 желтоқсанда Жағалау көшесінде, Әуезов көшесіне қарама-қарсы аумақта болған. Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол талғамайтын көліктің жүргізушісі рульге ие бола алмай, алдымен жолдың темір қоршауына, кейін көше жарығының металл тірегіне соғылған.

Апат салдарынан Toyota Land Cruiser көлігінде болған үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізілген. Дәрігерлер тексерісінен кейін олардың барлығы үйлеріне жіберілген.

Полиция мәліметінше, көлік жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бап жол қозғалысы ережесін бұзып, мүлікке материалдық залал келтірген жағдайларды қамтиды.

Оқиға болған сәтте қаланың орталық алаңында жаңа жылдық безендіру жұмыстары жүріп жатқан. Абырой болғанда, басты шырша зақымданбаған.

Материал авторы