498

Алматы көшесінде тоңып жатқан ер адам ажалдан аман қалды (ВИДЕО)

Ер адам қатты суықта далада қалған.

Алматы көшесінде тоңып жатқан ер адам ажалдан аман қалды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда полицейлер қатты аязда ес-түссіз күйде далада қалған ер адамды құтқарып қалды.

Полиция департаментінің мәліметінше, Алматы қалалық арнайы жедел әрекет ету жасағы мен патрульдік полиция қызметкерлері стационарлық бекетте қызмет атқарып жүрген кезде көшеде қозғалыссыз жатқан ер адамды байқаған. Ол сол сәтте есін білмей, суықта тоңып жатқан.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері ер адамды жедел түрде тірек пунктіне жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жылыту шараларын жүргізген. Кейін жедел жәрдем шақырылып, зардап шеккен азамат ауруханаға жатқызу үшін дәрігерлерге тапсырылған.

Алматы қалалық полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағының командирі Азамат Исергужин бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Біздің міндетіміз тек қоғамдық тәртіпті сақтау емес, сонымен қатар адам өміріне қауіп төнген жағдайларда жедел әрекет ету. Бұл жолы қызметкерлеріміз дер кезінде көмек көрсетіп, бір адамның өмірін сақтап қалды», – деді ол.

Полиция департаменті тұрғындарды қыс мезгілінде барынша сақ болуға және төтенше жағдайларда дереу көмекке жүгінуге шақырды.

Материал авторы