Зеленский Трамптан Украинаға 50 жылдық қауіпсіздік кепілдігін сұрады
Украина үшін тарихи шешім қабылданбақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен Флоридада өткен келіссөздер барысында Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерінің мерзімін айтарлықтай ұзартуды сұрағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Киев 15 жылмен шектелмей, 30-50 жылға арналған нақты әрі ұзақмерзімді кепілдіктерді қажет етеді. Бұл туралы ол 29 желтоқсанда журналистерге айтты.
Зеленскийдің сөзінше, қазір тараптар 15 жылға арналған қауіпсіздік кепілдіктері нұсқасын талқылап жатыр, алайда оны ұзарту мүмкіндігі де қарастырылуда. Украина президенті бұл мерзімді жеткіліксіз деп санайды.
«Бізде соғыс небәрі 15 жыл емес, оған таяп қалды. Сондықтан кепілдіктер әлдеқайда ұзақ мерзімге берілсе дейміз. Мен 30, 40, тіпті 50 жылдық форматты қарастыруды ұсындым. Мұндай шешім президент Трамп үшін тарихи қадам болар еді. Ол маған: “Ойланып көремін”, – деді», – деп жеткізді Зеленский.
Украина басшысы елдегі әскери жағдай қауіпсіздік кепілдіктері алынбайынша тоқтатылмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл кепілдіктер АҚШ Конгресі мен Украина парламенті тарапынан бекітілуі тиіс. Ал мұндай кепілсіз уақытша бітім соғыстың шын мәнінде аяқталғанын білдірмейді.
Зеленский қауіпсіздік кепілдіктері тек қағаз жүзіндегі міндеттемелермен шектелмеуі керегін, олардың құрамына халықаралық мониторинг, серіктес елдердің қатысуы және нақты бақылау тетіктері енуі тиіс екенін баса айтты. Бұл келісімдер соғысты аяқтау жөніндегі уағдаластықтармен қатар қабылдануы қажет.
Бұрынғы келісімдер неге нәтиже бермеді
Украина президенті Будапешт меморандумы мен Минск келісімдерінің тиімсіз болғанын еске салды. Оның айтуынша, дәл осы тәжірибе Киевті қауіпсіздік мәселесінде нақты әрі ұзақмерзімді кепілдіктерді талап етуге мәжбүрлеп отыр.
Сонымен қатар Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен ықтимал кездесудің де шартын атады. Ол Украина ұсынған бейбіт жоспарды АҚШ пен Еуропа елдері толық қолдаған жағдайда ғана мұндай кездесудің мүмкін екенін айтты.
Келіссөздер қай деңгейде
Флоридадағы кездесуден кейін Зеленский Украина ұсынған бейбіт жоспардың 90 пайызы келісілгенін, ал АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдіктері мәселесі 100 пайызға мақұлданғанын мәлімдеген. Алайда бұл кепілдіктердің нақты мазмұны әзірге жарияланған жоқ.
Материал авторы