Мүгедек болып қалған әйел бұрынғы күйеуінің жазасының жеңілдетілуіне қарсы
Әйелдің бұрынғы күйеуі күндіз бостандықта жүрсе, түрмеге тек қонуға баратын көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында бұрынғы күйеуінен ауыр соққы алып, мүгедектікке ұшыраған семейлік тұрғын соттың сотталушыны қоныс-колонияға ауыстыру жөніндегі шешіміне қарсы. Екі кәмелетке толмаған баласының көзінше соққыға жығылған әйел бұл шешім өз өмірі мен балаларының қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді деп есептейді. Бұл туралы «Информбюро» бағдарламасы мәлімдеді.
Жәбірленуші Алтынай Нұрсолтанованың айтуынша, қоныс-колония режимі сотталғанның күндіз бостандықта жүріп, тек түнде ғана мекемеге оралуына мүмкіндік береді. Осы жағдай әйелді алаңдатып отыр. Ол енді кассациялық сотқа шағым түсірмек.
Қатты соққы салдарынан Алтынайдың бас және бет сүйектері сынған, миы шайқалған. Қазір ол үшінші топтағы мүгедек. Әйел басына төрт рет ота жасатқан. Бет-әлпеті қатты зақымданып, адам танымастай өзгерген. Апта сайын қымбат дәрі-дәрмек қабылдауға мәжбүр. Апелляциялық сот шешімінен кейін жәбірленуші өз өмірі үшін шындап қауіптене бастаған.
«Қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Мен өз өміріме де, балаларымның өміріне де қатты алаңдаймын. Ол адам қоғам үшін қауіпті. Істеген ісіне өкінген жоқ, жауапкершілікті мойнына алмады. Бұл — әділетсіз шешім», — дейді Алтынай Нұрсолтанова.
Оқиға 2023 жылы болған. Әсет Аюпов жұбайын үйге кеш келгені үшін кәмелетке толмаған екі баласының көзінше аяусыз соққыға жыққан. Әйелдің айтуынша, күйеуі оны бірнеше рет теуіп, кейін шашынан сүйреп, басы мен бетіне тоқтаусыз соққы жасаған.
«Шамамен 20–25 рет ұрды. «Тоқташы, өтінемін» деп айттым. Бірақ содан кейін сөйлей де алмадым. Жақ сүйегім, бас сүйегім қатты зақымданды, бір көзім ішке кіріп кетті», — дейді жәбірленуші.
Қансыраған күйде анасына хабарласқан әйел жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Сол кезде сот Әсет Аюповты «Денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырған. Алайда былтыр сот оның жазасын жеңілдетіп, қоныс-колонияға ауыстыру туралы шешім қабылдаған.
Алтынай бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсіргенімен, Зеренді аудандық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот сотталушының жаза мерзімінің үштен бірінен астамын өтегенін, тәртіп бұзбағанын және келтірілген шығынның бір бөлігін өтегенін негізге алған.
Ақмола облыстық сотының мәліметінше, жаза өтеу мекемесінің түрін өзгерту сотталушыны жазадан босату болып саналмайды.
Алайда жәбірленуші бұл уәжбен келіспейді. Оның айтуынша, зорлық-зомбылық салдарынан балалар да ауыр психологиялық жарақат алған: үлкен ұлы тұтығып сөйлей бастаған, кіші баласының тілі кеш шыққан. Осы себепті Алтынай Нұрсолтанова әділдікке жету үшін істі соңына дейін жеткізетінін мәлімдеді.
Материал авторы