Каспий құбырына жасалған Украина шабуылынан кейін Қазақстан мұнай өндіруді қысқартқан
Соққының әсерінен Қазақстан қанша мұнай жоғалтқаны белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,Украиналық дрондардың Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі терминалына жасаған шабуылы Қазақстан мұнай өндірісіне тікелей әсер етті. Желтоқсан айында елдегі мұнай өндіру көлемі шамамен 6 пайызға төмендеді. Бұл туралы Reuters басылымы мәлімдеді.
Reuters мәліметінше, 1–28 желтоқсан аралығында Қазақстанда тәулігіне мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 1,93 млн баррельге дейін азайған. Бұл — қарашадағы орташа көрсеткіштен едәуір төмен. Өндірістегі құлдырауға ең үлкен үлесті елдегі ең ірі кен орны — Теңіз қосты.
Аталған кен орнында өндіріс 10 пайызға қысқарып, тәулігіне 719,8 мың баррельді ғана құраған. Қазақстан мұнайы негізінен дәл осы Теңізден КҚК құбыры арқылы экспортталады. Reuters дереккөзі экспорттағы шектеулер жобаның жоспарланған қуаттылыққа шығуын тежегенін атап өтті.
Агенттіктің жазуынша, 29 қарашада болған шабуылдан кейін желтоқсан айында CPC Blend маркалы қазақстандық мұнай экспорты соңғы 14 айдағы ең төмен деңгейге түскен. КҚК терминалы арқылы тасымал көлемі 19 пайызға қысқарып, тәулігіне 1,082 млн баррель болған. Айта кетейік, бұл терминал арқылы аз көлемде ресейлік мұнай да жөнелтіледі.
Экспорттағы шығынның орнын толтыру үшін Қазақстан мұнайдың бір бөлігін балама бағыттарға бұрды. Атап айтқанда, Баку – Тбилиси – Джейхан құбыры арқылы жеткізілімдер ұлғайды. Сонымен қатар Атырау – Самара бағытымен Ресей аумағы арқылы Германияға жөнелтілетін экспорт көлемі шамамен төрттен бірге өсіп, тәулігіне 255,5 мың баррельге жеткен.
Материал авторы