518

Астанада көктайғақ салдарынан автобус жол апатына ұшырады (ФОТО)

Жүргізуші көктайғақта көлікті игере алмаған.

Астанада көктайғақ салдарынан автобус жол апатына ұшырады (ФОТО)
t.me/astanovka98

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қоғамдық көлік қатысқан жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, автобус жүргізушісі көктайғақ салдарынан көлікті басқара алмай, жол апатына түскен.

Astanovka98 Telegram-арнасында жарияланған фотоларда оқиға орны анық көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, автобус Ұлы Дала және Әл-Фараби көшелерінің қиылысында бордюрге соғылған.

Астана қалалық полиция департаментінің дерегінше, жол апаты салдарынан ешкім зардап шекпеген.

«Higer маркалы қоғамдық автобустың жүргізушісі Ұлы Дала даңғылы бойымен қозғалып келе жатып, көктайғақ кезінде рөлге ие бола алмай, металл қоршауға соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады полиция департаменті.

Еске салайық, бүгін елордада жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтілетіні хабарланған. Күндіз ауа температурасы +2 градусқа дейін көтеріліп, түнде −3 градусқа дейін төмендейді. Осыған байланысты қала әкімдігі барлық коммуналдық қызметтерді күшейтілген жұмыс режиміне көшірген.

Билік өкілдері тұрғындар мен қала қонақтарын жолда барынша сақ болуға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және ауа райы қолайсыз кезде алыс сапарлардан бас тартуға шақырды. Сонымен қатар көктайғақ салдарынан елордада қоғамдық көлік қозғалысында іркілістер байқалып, Астана – Қарағанды тасжолы уақытша жабылғаны хабарланған. Әуежайда да рейстердің кешігуі мен тоқтатылуы мүмкін екені ескертілді.

Материал авторы