Атырау – Орал тасжолында болған жол апатынан жолаушы әйел қаза тапты
Mercedes пен Газель соқтығысып, көліктер өртенді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 4 қаңтар күні сағат 19:15 шамасында республикалық маңызы бар Атырау – Орал автожолында, Qazaq Oil жанармай бекетінің маңында өртке ұшыраған апатты жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2004 жылғы жүргізуші басқарған Mercedes автокөлігі қарсы жолаққа шығып, 1979 жылғы жүргізуші басқарған Газель көлігімен соқтығысқан.
«Соның салдарынан екі көлік те оқиға орнында өртенді. Газельдегі жолаушы – 1966 жылғы әйел қаза болды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық қажетті материалдар жинақталуда. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Полиция департаменті көлік жүргізушілерін жол ережесін қатаң сақтауға және қарсы жолаққа шығатын жағдайда ерекше сақтық танытуға шақырады.
Материал авторы