Мадуро киген Nike киімі трендке айналды
Мадуроның ұсталған сәтінде үстінде болған Nike костюміне сұраныс күрт өсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Николас Мадуроның ұсталған сәттегі фотосының желіге тарауы күтпеген коммерциялық әсер берді: Nike брендінің дәл сол костюміне сұраныс күрт өсті. Бұл туралы The Economic Times басылымы жазды.
АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні ұшақ бортында түсірілген Мадуроның суретін жариялады. Кадрда Венесуэла басшысы Nike Tech Fleece деп аталатын сұр түсті спорттық костюммен көрінеді.
Сурет әлеуметтік желілерде жаппай тарағаннан кейін, дәл осы үлгідегі киімге қатысты Google-дағы іздеу сұраныстары көбейген. Қолданушылар «Мадуро киген костюм» деп аталатын Nike өнімін жаппай іздей бастаған.
Басылым дерегінше, сұраныстың артуы тауар тапшылығына әкелген. Әсіресе 3XL өлшеміндегі костюмдерге қызығушылық жоғары болған. Бұл — Мадуро киген өлшем.
Қазіргі таңда сұр түсті спорттық «екілік» Nike компаниясының ресми сайтында әлі де бар. Жиынтықтың бағасы 260 доллар: оның 140 доллары күртешеге, 120 доллары шалбарға тиесілі.
Еске салайық, сенбіге қараған түні Каракаста жарылыстар тіркелген. Осыдан кейін Дональд Трамп АҚШ Венесуэлаға соққы жасағанын, ал Николас Мадуроның әйелімен бірге ұсталып, елден әкетілгенін мәлімдеді. Кейін Трамп тұтқындалған Мадуроның фотосын жариялады.
БАҚ мәліметінше, Венесуэладағы соққылар салдарынан бірнеше ондаған адам қаза тапқан.
Материал авторы