Швейцария Николас Мадуроның барлық активтерін бұғаттап тастады
Швейцария Мадуроға тиесілі қаражаттың сыртқа шығуына тосқауыл қойды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Швейцарияның Федералдық кеңесі Венесуэла президенті Николас Мадуроға және оның жақын айналасына тиесілі барлық активтерді ел аумағында шұғыл түрде бұғаттау туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Швейцария үкіметінің ресми сайтында жарияланды.
Мәлімдемеге сәйкес, шешім 2026 жылғы 5 қаңтарда қабылданған. Федералдық кеңес бұл қадам арқылы активтердің үшінші тұлғаларға немесе шетелге шығарылуына жол бермеуді көздеп отыр. Алайда бұғаттау шарасы Венесуэланың қазіргі үкімет мүшелеріне қатысты қолданылмайды.
«Федералдық кеңес Николас Мадуро мен оның айналасындағы өзге де тұлғалардың Швейцариядағы кез келген активін дереу тоқтатуға шешім қабылдады. Бұл активтердің сыртқа әкетілуіне жол бермеу үшін жасалып отыр», — делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар баспасөз хабарламасында егер бұғатталған қаражаттың заңсыз жолмен алынғаны дәлелденсе, Швейцария билігі бұл активтерді Венесуэла халқының игілігіне пайдалану үшін барлық мүмкіндікті қарастыратыны атап өтілген.
Еске салсақ, 3 қаңтарда АҚШ Венесуэла аумағына соққы жасап, ел президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті ұстап, Нью-Йоркке жеткізген. CBS News дерегінше, ерлі-зайыптыға қатысты алғашқы сот отырысы 5 қаңтарда өтеді.
Материал авторы