Қатты жел, қар және көктайғақ: елдің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды
6 қаңтарға арналған ауа райы жария болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 6 қаңтарда Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райы күрт бұзылады. «Қазгидромет» мәліметінше, ел аумағының басым бөлігінде қатты жел, қар, бұрқасын, көктайғақ пен тұман күтіледі. Бірқатар аймақта желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін.
Ақмола облысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетіп, облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында екпіні 23–28 м/с, кей жерлерде 30 м/с-тан асады. Көкшетауда да дәл осындай қауіпті жел болжанып отыр.
Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жағдай ұқсас: қар, бұрқасын, жолдарда көктайғақ, желдің күшеюі күтіледі. Петропавл мен Павлодар қалаларында боранмен қатар көріну қашықтығының төмендеуі мүмкін.
Астанада қар жауып, бұрқасын соғады. Күндіз көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 20–23 м/с-қа дейін жетеді.
Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында тұман мен көктайғақ басым. Кей өңірлерде жел бағыты өзгеріп, түнгі уақытта екпіні 15–20 м/с болады. Орал мен Атырауда таңғы сағаттарда жол қозғалысы қиындауы мүмкін.
Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарында қар, бұрқасын, тұман және көктайғақ күтіледі. Өскемен мен Семейде желдің екпіні күндіз 20–25 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Ақтөбе, Қостанай облыстарында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, бұрқасын және көктайғақ болжанып отыр. Кей аудандарда қатты қар жауып, желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді.
Жамбыл, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарында негізінен тұман мен көктайғақ күтіледі. Таулы аудандарда жел күшейіп, көріну қашықтығы төмендейді. Алматы, Қонаев, Тараз, Шымкент қалаларында да тұман болуы мүмкін.
Материал авторы