350

2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақыға 6,8 трлн теңге бөлінеді

Жәрдемақы алатындар саны 2,3 млн адамға жеткен.

2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақыға 6,8 трлн теңге бөлінеді
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылы әлеуметтік төлемдер республикалық бюджеттегі негізгі басымдық болып қала береді. Әлеуметтік-еңбек саласына 6 трлн 833 млрд теңге қарастырылған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 15,1 пайызға артық. Бұл туралы 6 қаңтарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бөлінген қаржының басым бөлігі — 99,3 пайызы немесе 6 трлн 783 млрд теңге — азаматтарға тікелей төленетін зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларға бағытталады.

Министрліктің мәліметінше, зейнетақымен қамтуға 4 трлн 890 млрд теңге бөлініп, бұл шамамен 2,6 млн зейнеткерге төлем жасауға мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік жәрдемақыларға 1 трлн 893 млрд теңге қарастырылған. Бұл көмекті 2,3 млн-ға жуық адам алады.

Әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығындар жалпы ішкі өнімнің 3,7 пайызына және республикалық бюджет көлемінің 24,6 пайызына тең. Бұл мемлекеттің қаржы саясатының әлеуметтік бағытта екенін көрсетеді.

Зейнетақы мен жәрдемақылардан бөлек, бөлінген қаражаттың бір бөлігі мүгедектігі бар адамдарды қолдауға бағытталады. Атап айтқанда, протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге, есту қабілеті бұзылған балаларды оңалтуға, реабилитациялық орталықтар салуға және әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру тетіктерін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен әлеуметтік төлемдердің 41 түрі, оның ішінде базалық және ынтымақты зейнетақылар төленіп отыр.

Айта кетейік, 2025 жылы бұл мақсаттарға 5 трлн 858 млрд теңге бөлініп, 4,6 млн адам әлеуметтік төлем алған. 

Материал авторы