SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Париж соты 5 қаңтарда Франция президенті Эммануэль Макронның жұбайы Брижит Макронға қатысты кибербуллинг бойынша 10 адамды кінәлі деп таныды. Қылмыстық жауапкершілікке 8 ер адам мен 2 әйел тартылды, олардың жасы 41-65 аралығында.
Кінәлілер қатарында мемлекеттік қызметкер, оқытушы, IT маманы және екі танымал блогер бар. Бір адам сотқа келмегені үшін 6 айға түрмеге отырғызылса, қалғандары 4-8 айға шартты жаза алды. Кейбірі әлеуметтік желідегі аккаунттарынан айырылды. Кінәлілер сотта өздерінің жазбаларын «күлкілі пікір» деп сипаттап, заң бойынша неліктен жазаланғандарын түсінбейтіндерін айтқан.
Барлығы Брижит Макронның жынысы мен сексуалдық ориентациясына қатысты жалған ақпарат таратқан. Солардың бірі – «Брижит ер адам болып туған» деген теория айтқан. Сонымен қатар кейбір жазбалар педофилия туралы жалған мәліметті қамтып, сот оны «әсіре қорлайтын зұлымдыққа толы» деп атады. Кей жазбалар мыңдаған қаралым жинаған.
Брижит Макрон сот отырысына қатысқан жоқ. Ол TF1 телеарнасына берген сұхбатында, істі қозғауы интернеттегі қорлауға қарсы «үлгі көрсету» үшін екенін айтқан.
Бұл теория Эммануэль Макрон 2017 жылы билікке келгеннен бері таралып келеді. 2025 жылдың шілдесінде жұп АҚШ-та 36 жастағы оңшыл белсенді Кэндис Оуэнске қарсы жала жабу фактісі бойынша іс қозғаған. Бұған дейін Брижит Макрон Францияда журналист Наташа Рейге қарсы да шағым түсірген еді.
Кэндис Оуэнс өз YouTube арнасында «Брижиттің қалыптасуы» атты 8 сериялы подкаст шығарды, оның бір сериясы «Францияның бірінші ханымы – ер адам ба?» деп аталады. Сондай-ақ, Макрондардың шағымында айтылғандай, Оуэнс президент пен жұбайын «туысқан» деп, Эмманюэль Макронды «CIA тәжірибесінің нәтижесі» деп сипаттаған.
Брижит пен Эммануэль Макрон 2007 жылдан бері некеде. Олар танысқан кезде Эммануэль мектеп оқушысы, Брижит мұғалім болған. Қазіргі уақытта Брижит Макрон 72 жаста, ол күйеуінен 25 жасқа үлкен.
RUS