331

«Ұстаздың сенімі оқушыны жоғары нәтижеге жетелейді» – «Үздік педагог» иегері

30 жыл тәжірибесі бар ұстаз білім саласындағы дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы, сондай-ақ Қазақстан білім беру жүйесіндегі басты реформалар мен өзгерістер туралы ой өрбітті.

«Ұстаздың сенімі оқушыны жоғары нәтижеге жетелейді» – «Үздік педагог» иегері
жеке мұрағатынан

Республикалық «Үздік педагог» атағының иегері Гүлжазира Бекболатқызы өз тәжірибесі, оқушыларын оқыту тәсілдері мен білім саласындағы реформалар туралы ойларын бөлісті. Ұстаз бұл марапатты жеке жетістік қана емес, педагогикалық миссиясының жоғары бағасы деп есептейді.

Білікті маман Гүлжазира Бекболатқызы Республикалық «Үздік педагог» атағын жылдар бойғы еңбектің, шәкірттердің жетістігі мен әріптестердің қолдауының жемісі деп санайды. 

«Қазақстан Республикасының «Үздік педагог» атағы – жылдар бойғы еңбектің, үздіксіз ізденістің, шәкірттерімнің жетістігі мен әріптестерімнің қолдауының нәтижесі деп білемін. Ол менің таңдаған мамандығымның дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдеп, өзіме деген сенімді арттырды. Сонымен қатар бұл атақ – тоқмейілсу емес, керісінше алдағы уақытта да білім сапасын арттыруға, педагогикалық идеяларымды дамытуға, жас мұғалімдерге үлгі болуға жетелейтін үлкен міндет. Мен үшін «Үздік педагог» – жеке жетістік қана емес, ұстаздық миссияма берілген жоғары баға», – дейді ұстаз.

Гүлжазира Бекболатқызының тәжірибесі 30 жылдан асады. Ол кезең ішінде білім жүйесіндегі негізгі реформаларды атап өтті.

«30 жылдан астам еңбек жолымда Қазақстанның білім беру жүйесі бірнеше маңызды кезеңдерден өтті деп бағалаймын. Ең әуелі, 2016 жылы мазмұндық тұрғыдан үлкен өзгеріс болды: білім берудің ақпаратты жаттатуға негізделген үлгісінен оқушының функционалдық сауаттылығын, сыни ойлауын, өмірлік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жүйеге көшуі – уақыт талабына сай қадам. Жаңартылған білім мазмұны, критериалды бағалау, PISA бағытындағы тапсырмалар – оқушыны тек пәндік біліммен емес, өмірде қолдана алатын құзыреттермен қаруландыруды көздейді», – дейді ұстаз.

Цифрландыру, онлайн платформалар, мұғалімдердің кәсіби дамуының жаңартылған жүйесі – білім сапасын арттыруға ықпал еткенін де атап өтті.

«Әрине, қиындықтар да болды, бірақ осы өзгерістер педагогті үздіксіз ізденіске, кәсіби өсуге итермеледі», – дейді ол.

Мұғалім дәстүрлі әдістер мен инновациялық тәсілдерді сабақтастыра қолданады.

«Дәстүрлі әдістердің озық үлгілері – көркем мәтінді терең талдау, тілдік норманы меңгерту, тәрбиеге негізделген әңгіме, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыс – қашанда өз маңызын жоймайды. Ал инновациялық тәсілдерді осы берік негіздің үстіне енгіземін. Сабақ барысында жобалық жұмыс, зерттеушілік тапсырмалар, PISA форматындағы жағдаяттық сұрақтар, Блум таксономиясына негізделген креативті тапсырмалар мен цифрлық құралдарды тиімді қолданамын», – дейді ол.

Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін өмірмен байланысын көрсетуге мән береді: «Қазақ тілі мен әдебиеті – тек ереже немесе мәтін талдау емес, ол баланың ойын жеткізуі, өзін тануы, қоғамда еркін қарым-қатынас жасауы үшін қажет құрал екенін үнемі сезіндіремін».

Гүлжазира Бекболатқызының айтуынша, шәкірттердің табысы ең алдымен еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және ұстаздың сеніміне байланысты.

«Оқушыларымның жоғары нәтижелерге жетуінің басты сыры – Еңбекқорлық, Жауапкершілік, Сенім деп айтамын. …Оқушыға сену – ең күшті мотивация. «Сенің қолыңнан келеді» деген ұстаз сөзі баланың өзіне деген сенімін арттырады. Қателесуге мүмкіндік беру, қолдау көрсету, жетістігін дер кезінде атап өту – жоғары нәтиженің тағы бір маңызды факторы», – дейді ол.

Сондай-ақ ұстаз цифрлық платформалар мен заманауи әдістердің көмегі туралы айта кетті.

«Цифрлық платформалар мұғалім мен оқушы, сондай-ақ мұғалімдер қауымдастығы арасындағы байланысты бұрынғыдан да жедел әрі қолжетімді етті. Сабақтан тыс уақытта да кері байланыс орнатуға, тапсырманы дер кезінде түсіндіруге, оқушының жеке сұрағына жауап беруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ұстаз.

Бұл құралдар оқушыларға сараланған тапсырмалар ұсынуға, портфолио жүргізуге, интерактивті материалдар арқылы қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әріптестермен тәжірибе алмасуды жеделдетеді, кәсіби қауымдастықтарда ынтымақтастыққа ықпал етеді.

Ұстаз қазақ тілін және әдебиетті ұлттық болмысты сақтай отырып, жаһандық білім кеңістігінде маңызды ресурс деп санайды:

«Қазақ тілі мен әдебиеті – тек ұлттық пән емес, тұлғаның дүниетанымын қалыптастыратын, оны әлемдік мәдени диалогқа қоса алатын қуатты құрал. …Қазіргі таңда функционалдық сауаттылық, сыни ойлау, мәдениетаралық коммуникация сияқты дағдылар алдыңғы орынға шықты. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетіндегі адамгершілік, еркіндік, жауапкершілік, таңдау, рухани ізденіс тақырыптары әлемдік әдеби үдерістегі құндылықтармен толық үндеседі», – дейді Гүлжазира Бекболатқызы.

Ұстаздың айтуынша, оқырман клубы оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастырып, оны әдетке айналдырады.

«Ең алдымен, ол кітап оқуды міндет емес, ортақ қызығушылық пен еркін пікір алмасу алаңына айналдырады. Оқушы өз ойын ашық айтып, кейіпкер әрекетіне баға беруге, мәтінмен жеке қарым-қатынас орнатуға үйренеді. …Маңыздысы – оқырман клубы оқушыға өзін еркін сезінетін, бағалаудан қорықпайтын орта ұсынады. Мұнда қате жауап болмайды, әр пікір құнды», – дейді ұстаз.

Тәжірибелі ұстаз Гүлжазира Бекболатқызы тайм-менеджмент үшін күнделік жазатынын, әрі бірнеше қағидаларды ұстанатынын жеткізді.

«Мен оқушы кезімнен Күнделік жазатын адаммын. Күнделікті жүйелі жүргізу адамға уақытты дұрыс  жоспарлауды үйретеді. Барлық жұмысты тиімді үйлестіру үшін мен тайм-менеджменттің мынадай негізгі қағидаларын басшылыққа аламын:
Мақсатты айқындау қағидасы.
Басымдықты дұрыс қою (Эйзенхауэр матрицасы)
Уақытты блоктарға бөлу (time blocking)
Күнделікті шағын жоспар қағидасы
Цифрлық құралдарды саналы пайдалану
Өз-өзіңді аялау қағидасы», – дейді Гүлжазира Бекболатқызы.

Оның педагогикалық миссиясы – оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, өз ойларын еркін білдіруге, шығармашылық шешімдер табуға үйрету және қоғамға пайдалы болуға бағыттау.

«Мен өз кәсіби тәжірибемді жас мұғалімдерге формальды кеңес ретінде емес, практикалық қолдау арқылы жеткіземін. …Әрдайым ашық диалогқа, тәжірибе алмасуға және қателесуге мүмкіндік беруге мән беремін», – дейді ұстаз.

Бүгінде оның бірнеше шәкірті білім беру саласында жұмыс істеп, өз жолын тапқан. Тәжірибелі ұстаз жастарға «Мені қайталауға емес, менікінен де биік мақсат қоюға ұмтылыңдар» деп үнемі насихаттайтынын жеткізді.