SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Нью-Йоркте 5 қаңтар күні Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. АҚШ билігінің арнайы операциясынан кейін Америкаға жеткізілген ерлі-зайыптыға халықаралық есірткі саудасын ұйымдастырды деген айып тағылған.
Алғашқы тыңдау техникалық сипатта өтіп, шамамен жарты сағатқа созылды.
Сот барысында Николас Мадуро өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарды. Ол халықаралық есірткі саудасын ұйымдастыру, «наркотерроризм» және АҚШ аумағына кокаин тасымалдауға сөз байласу баптары бойынша өзін кінәсіз деп мәлімдеді.
«Мен кінәлі емеспін. Мен – адал адаммын. Мен әлі де өз елімнің президентімін», – деді Мадуро аудармашы арқылы. Оның жұбайы Силия Флорес те осы ұстанымды қолдады.
АҚШ билігі бұған дейін Мадуро халықаралық есірткі картельдерімен бірлесіп кокаин саудасын басқарды деп мәлімдеген. Айыптау актісінде атыс қарулары мен жарылғыш заттарды сақтау туралы тармақтар да бар.
Манхэттеннің федералды судьясы Алвин Хеллерстин айыпталушылардың жеке басын растады. Ол бұған дейін 11 қыркүйектегі терактілерге қатысты істерді қараған. Судья Мадуро мен Флорестің Венесуэла консулымен байланысу құқығын сақтап, келесі сот отырысын 17 наурызға белгіледі.
Николас Мадуроның адвокаты Барри Поллак бұл істі «күрделі әрі ауқымды процесс» деп атап, АҚШ әрекетін «әскери жолмен ұрлау» деп бағалады. Айта кетейік, Поллак бұрын WikiLeaks негізін қалаушы Джулиан Ассанждың да мүддесін қорғаған.
Сот ғимаратының алдында Мадуроның жақтастары мен қарсыластары жиналды. Венесуэла басшысы айыптауларды көп жылдан бері үзілді-кесілді жоққа шығарып келеді. Оның айтуынша, «наркотерроризм» туралы айыптар – Венесуэлаға қысым көрсету мен елдің мұнай ресурстарын бақылауға алу әрекеттерінің бір бөлігі.
Венесуэла билігі АҚШ-тың әрекетін халықаралық құқықты өрескел бұзу деп бағалап, мәселені халықаралық алаңдарда көтеруге ниетті екенін мәлімдеді.
RUS