409

Трамп Венесуэла АҚШ-қа 50 млн баррельге дейін мұнай жеткізетінін айтты

Мұнайдан түскен қаржы АҚШ бақылауында болмақ.

Трамп Венесуэла АҚШ-қа 50 млн баррельге дейін мұнай жеткізетінін айтты
Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың өтпелі билігі Америка Құрама Штаттарына 30–50 млн баррель жоғары сапалы мұнай жеткізетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол 7 қаңтар күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында хабарлады. Мәлімдеме АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген әскери операциясынан бірнеше күн өткен соң жасалды.

Трамптың айтуынша, сөз санкция аясындағы, бірақ сапасы жоғары венесуэлалық мұнай туралы болып отыр.

«Бұл мұнай нарықтық бағамен сатылады, ал түскен қаржыны АҚШ президенті ретінде өзім бақылаймын. Қаражат Венесуэла халқы мен Америка Құрама Штаттарының игілігіне жұмсалуы тиіс», — деп жазды ол.

АҚШ президенті бұл жоспарды дереу іске асыруды Энергетика министрі Крис Райтқа тапсырғанын айтты. Оның сөзінше, венесуэлалық мұнай арнайы қойма-танкерлерге тиеліп, тікелей АҚШ порттарындағы түсіру айлақтарына жеткізіледі.

Халықаралық агенттіктер бұл келісімді ірі қаржылық көлеммен байланысты деп бағалап отыр. Соңғы айларда Трамп Каракастағы билікті АҚШ-қа бағытталған есірткі тасымалын қолдайды деп бірнеше рет айыптаған. Ал Венесуэла билігі, керісінше, Вашингтонды елдің табиғи ресурстарына қол жеткізуді көздейді деп мәлімдеп келген.

Венесуэла аумағындағы мұнай қоры — әлемдегі ең ірі барланған қорлардың бірі. 2005 жылға дейін ел АҚШ-тың басты мұнай жеткізушісі болған. Алайда 2007 жылы сол кездегі президент Уго Чавес мұнай өнеркәсібін ұлттық меншікке өткізіп, америкалық компаниялардың активтерін тәркілегеннен кейін жағдай түбегейлі өзгерді.

3 қаңтарға қараған түні АҚШ әскерінің Венесуэлада жүргізген операциясынан кейін Трамп америкалық компаниялар елге келіп, миллиардтаған доллар инвестиция салып, қираған инфрақұрылымды қалпына келтіреді деп мәлімдеген.

Сонымен қатар Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес 6 қаңтардағы телеүндеуінде елді сыртқы күштер басқарып отыр деген мәлімдемелерді жоққа шығарды.

«Біздің елімізді Венесуэла үкіметі басқарады, одан басқа ешкім жоқ. Венесуэланы сырттан басқаратын ешқандай актер жоқ», — деді ол.

Родригестің айтуынша, АҚШ-тың әскери операциясында қаза тапқандарға байланысты елде жеті күндік аза тұтужарияланған. Венесуэла билігінің дерегінше, операция кезінде 24 венесуэлалық әскери қызметкер қаза тапқан. Бұған дейін Куба билігі Венесуэлада қауіпсіздік саласында қызмет еткен 32 кубалықтың көз жұмғанын хабарлаған.

Материал авторы