1134

Астанада мас күйінде көлік жүргізген судья 786 мың теңге айыппұл арқалады

Судьяның тіпті жүргізуші куәлігі мерзімі бірнеше ай бұрын өтіп кеткен.

Астанада мас күйінде көлік жүргізген судья 786 мың теңге айыппұл арқалады

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаева мас күйінде және жарамды жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы елордалық соттың баспасөз қызметі KazTAG агенттігінің сұрауына берген жауабында мәлімдеді.

Сот шешімімен Әсел Досаева Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 8-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұл сомасы 786 400 теңгені құрайды. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сот мәліметінше, 2025 жылғы 1 қарашада Досаева көлік құралын басқаруға жарамды куәлігі бола тұра емес, яғни жүргізуші куәлігінің мерзімі 2025 жылғы 3 шілдеде аяқталғанына қарамастан, жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде автокөлік тізгіндеген. Бұл факт медициналық сараптамамен расталған. Іс Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған.

Судьяға қатысты әкімшілік қамау қолданылмады. Сот мұны заң талаптарымен түсіндірді: 14 жасқа толмаған баласы бар әйелдерге әкімшілік қамау қолдануға болмайды. Әсел Досаеваның 2013 жылы туған баласы бар. Осыған байланысты аталған бап бойынша оған тек айыппұл салу көзделген.

Айта кетейік, Әсел Досаева Mazda маркалы автокөлікті мас күйінде басқарған сәтте ұсталған. Алайда судьяларға қатысты ерекше процессуалдық тәртіпке байланысты жаза бірден қолданылмаған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, алғаш рет мас күйінде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке қамау және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру міндетті жаза болып есептеледі.

Материал авторы