418

Талдықорғанда түтінге толған үйден жеті бала шығарылды

Бірінші қабаттағы өрт бес қабатты үйді түтінге толтырды.

Талдықорғанда түтінге толған үйден жеті бала шығарылды
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорғанда өрт сөндірушілер түтінге тұншыққан көпқабатты тұрғын үйден сегіз адамды құтқарып қалды. Олардың жетеуі – балалар.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт Қаратал шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерден шыққан. Қысқа уақыт ішінде подъезді қою түтін басып, жоғарғы қабаттарда тұратын тұрғындар сыртқа өз бетімен шыға алмай қалған.

Оқиға орнына жедел жеткен Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері құтқару жұмыстарын дереу бастады. Арнайы автосатының көмегімен жоғарғы қабаттардың терезелері арқылы сегіз адам эвакуацияланды.

«Құтқару операциясы барысында сегіз адам қауіпсіз жерге шығарылды. Олардың жетеуі – кәмелетке толмаған балалар», – деп мәлімдеді ТЖМ.

Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Аман алып шыққан барлық тұрғындар профилактикалық мақсатта Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексеруден өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда тұрғындардың жылыту құрылғысын дұрыс пайдаланбауынан пәтерде өрт шыққан. Ол кезде анасы екі баласымен бірге отты өз күшімен сөндіріп үлгерген. Түтінді бірінші болып сезіп, иесін оятқан – үй мысығы болған.

Материал авторы