SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ билігі Венесуэланың шикі мұнайы мен мұнай өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруды бастайтынын мәлімдеді. АҚШ Энергетика министрлігі бұл қадамды «Америка қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған АҚШ пен Венесуэла арасындағы тарихи энергетикалық келісім» деп атады.
Министрліктің мәліметінше, венесуэлалық мұнай «АҚШ, Венесуэла және одақтастардың мүддесі үшін» сатылмақ. Мұнай мен мұнай өнімдерін сатудан түсетін барлық кіріс алдымен АҚШ бақылауындағы, халықаралық деңгейде танылған банктердегі есепшоттарға аударылады. Қаражатты бөлу АҚШ үкіметінің шешімімен «америкалық және венесуэлалық халықтардың мүддесі үшін» жүзеге асырылады.
Америкалық тараптың бағалауынша, бастапқы кезеңде 30–50 миллион баррель мұнай сатылады. Бұл процесс уақытпен шектелмей, «шексіз мерзімге» жалғасуы мүмкін.
Осы мақсатта АҚШ Венесуэлаға қатысты санкцияларды ішінара алып тастап отыр. Бұл шешім мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға және жаһандық нарықта сатуға мүмкіндік беруге бағытталған.
Сонымен қатар АҚШ венесуэлалық мұнай өндірісін жедел қалпына келтіру үшін белгілі бір мұнай-газ жабдықтарын, қосалқы бөлшектер мен қызметтерді импорттауға рұқсат береді. Вашингтон бұл қадам көпжылдық өндіріс құлдырауының орнын қысқа мерзімде толтырып, өндіру көлемін арттыруға жағдай жасайды деп отыр.
Бұған дейін Ақ үй Венесуэла билігіне мұнай өндірісін ұлғайтпас бұрын Қытай, Ресей, Иран және Кубамен экономикалық байланыстарды үзу қажет екенін ашық жеткізген. Екінші талап — мұнай саласында АҚШ-пен іс жүзінде эксклюзивті әріптестік орнату. Ауыр мұнайды сатуда Америкаға басымдық берілуі тиіс.
RUS