252

Алматы маңындағы жол апатында үндістандық екі студент қаза тапты

Шымкенттен Алматыға жол тартқан студенттер апатқа ұшырады.

Алматы маңындағы жол апатында үндістандық екі студент қаза тапты
Алматы ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы маңындағы тасжолда болған жол-көлік апаты салдарынан Үндістанның екі азаматы қаза тапты. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.

Үндістанның Астанадағы елшілігінің мәліметінше, жол апаты 2026 жылғы 6 қаңтарда Алматыға жақын аумақта болған. Қайтыс болғандар — Шымкент қаласында орналасқан Оңтүстік Қазақстан медицина университетінде білім алған үндістандық студенттер.

Дипломатиялық өкілдіктің хабарлауынша, автокөлікте барлығы бес Үндістан азаматы болған. Олар Шымкенттен Алматыға бет алған. Жолаушылардың төртеуі — студент, тағы бірі — турист. Апат салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмып, қалған үш азамат ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жеткізілген.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Үндістан елшілігі марқұмдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің жақындарымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді. Сонымен қатар дипломатиялық өкілдік Қазақстанның құзырлы органдарымен бірлесіп, қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр.

Аталған жағдайға қатысты Алматы облысының полиция департаменті де түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Апат «Алматы — Бішкек» автожолының 86-шақырымында болған.

Алдын ала дерекке сәйкес, «Toyota Alphard» маркалы автокөліктің 33 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылған. Жол апаты салдарынан жүргізуші оқиға орнында қаза тапқан. Екі жолаушы медициналық мекемеде көз жұмса, тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор