Алматы облысында 13 жастағы қызды өгей әкесі тұрмысқа берген
13 жастағы қыз 30 жастағы ер адамға ұзатылғаны әшкереленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал журналист Руслан Өтепбай YouTube-тағы тәуелсіз бағдарламасында Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын көпбалалы отбасының ауыр әлеуметтік жағдайын жария етті.
Журналистке жергілікті тұрғын көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, көршісі жуырда Қаскелең қаласындағы ауруханада төртінші баласын дүниеге әкелген. Әйел кесарь тілігі арқылы босанған, алайда перзентхана қызметкерлері 200 мың теңге талап еткенін айтқан.
Жергілікті тұрғын Маржанның сөзінше, әйел — Өзбекстан азаматы, қолында жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ. Қаржы берілмесе, перзентханадан шығармаймыз деген ескерту жасалған. Отбасының жағдайы тым ауыр: күнделікті асқа да қаражат табу қиын, күйеуі бір жарым ай бойы үйде болмаған.
Отбасының 2005 жылы туған тұңғыш қызы Фатима небәрі 13 жасында өгей әкесінің шешімімен 30 жастағы ер адамға тұрмысқа берілген. Ол мектепте бар болғаны 3 сынып қана оқыған.
Фатиманың айтуынша, алғашқы некесі ұзаққа созылмаған. Кәмелет жасқа толмағаны белгілі болған соң, оны құзырлы органдар алып кеткен. Кейін 1994 жылы туған ер адаммен қайта тұрмыс құрған. Қазір бір баласы бар.
Отбасы жалдамалы пәтерде тұрады. Балалар төртеу: екінші қызы Хадиша 13 жаста, үшінші бала — 7 жастағы ұл. Хадиша қатарластарынан үш жылға қалып қойған, қазір 4-сыныпта оқиды. Жасына сай ол 7-сыныпта болуы тиіс.
Фатиманың айтуынша, өгей әкесі қыз балалардың білім алуына қарсы болған. Ол «ұл мен қыздың бір партада отыруы — харам» деген көзқарасты ұстанған. Сол себепті өзі де, сіңлісі де мектепке кеш барған.
Журналист Руслан Өтепбай жергілікті тұрғындармен және отбасы мүшелерімен бірге перзентханаға барып, заңсыз ақша талап ету дерегі бойынша жауапты өкілдермен тілдескен. Аурухана өкілі әйелден ешқандай қаражат сұралмағанын, келісімшартқа қол қойылмағанын мәлімдеген.
Кейін отбасыға қайырымдылық қоры арқылы үш жыл мерзімге тегін баспана берілгені белгілі болды.
Материал авторы