904

Жангелдиндегі отбасының туыстары ақша жинап жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды (ВИДЕО)

Белгісіз адамдар «көмек» атын жамылып, жалған ақпарат таратқан.

Жангелдиндегі отбасының туыстары ақша жинап жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды (ВИДЕО)
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысының Қызылқоға ауданында бұрын хабар-ошарсыз кеткен отбасының екі мүшесі қаза тапқаннан кейін әлеуметтік желілерде қаржы жинау туралы жалған хабарламалар тарай бастады. Марқұмдардың туыстары бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Желіде тараған бейнеүндеуде өзін қаза болған Мақсот Қарабалиннің інісі ретінде таныстырған азамат жұртты мұндай хабарламаларға сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, белгісіз адамдар «көмек көрсету» сылтауымен ақша жинау туралы жалған ақпарат таратқан.

«Әлеуметтік желілер арқылы ешқандай қаржы жиналып жатқан жоқ. Мұндай ақпаратқа сенбеңіздер — бұл өтірік», — деп нақтылады ол.

Сондай-ақ, жерлеуге қатысты барлық шығынды марқұмдардың туыстары, ауылдастары және жергілікті тұрғындар бірлесіп көтергенін айтты.

Еске салайық, 6 қаңтарда ерлі-зайыпты Мақсот Қарабаллин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің ауласынан табылған. Қоштасу рәсімі 8 қаңтарда өтті.

Аталған отбасы 2025 жылдың қазан айынан бері хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған. 25 желтоқсанда туыстары олардың жоғалғаны туралы полицияға ресми арыз түсірген. Қазіргі уақытта олардың балалары — Мирамгүл мен Наурыздың тағдыры туралы ақпарат жоқ.

Материал авторы