Трамп өзін Венесуэланың уақытша президенті деп жариялады
Трамп Венесуэлаға саяси қысымды күшейтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасымен кезекті даулы мәлімдеме жасады. Ол өзін 2026 жылдың қаңтарынан бастап Венесуэланың уақытша президенті ретінде көрсеткен скриншотты жариялады.
Жарияланған сурет «Уикипедиядағы» өмірбаян парақшасына ұқсас форматта жасалған. Онда Дональд Трамптың қазіргі АҚШ президенті ретіндегі мәртебесі сақталғанымен қатар, жаңа «лауазымы» – Венесуэланың міндетін атқарушы президенті екені көрсетілген. Аталған жазбада оның бұл қызметке 2026 жылдың қаңтарында «тағайындалғаны» жазылған.
Бұл мәлімдеме Венесуэладағы соңғы саяси оқиғалар аясында жасалды. Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ Венесуэла аумағында арнайы операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын Каракас қаласында тұтқындаған. Кейін Мадуро Нью-Йорктегі Бруклин тергеу изоляторына жеткізілгені хабарланды.
Осы оқиғаға байланысты Дональд Трамп Монро доктринасын еске салып, Американы басқа державалардың араласуына жабық аймақ деп атады. Сондай-ақ ол АҚШ-тың «барлық жауларына» Венесуэладағыдай операция жасалуы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі уақытта Нью-Йоркте Венесуэла президентіне қатысты сот процесінің алғашқы тыңдауы аяқталды. Николас Мадуроға «наркотерроризммен байланысты қастандық», кокаин контрабандасы, пулеметтер мен жарылғыш заттарды сақтау және оларды АҚШ-қа қарсы қолдануды жоспарлау секілді ауыр айыптар тағылып отыр. Айыптау тарапы оны төрт мәрте өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрауы мүмкін.
Сот барысында Мадуро өз кінәсін мойындамай, өзін әлі де Венесуэланың заңды президенті санайтынын мәлімдеді. Оның жұбайы да айыптауларды жоққа шығарды. Тыңдау кезінде тараптар синхронды аударма арқылы сөйлесті. Судья келесі отырысты 17 наурызға белгіледі және консулдық қызметкерлердің кездесуіне рұқсат берді. Қорғау тарапы Мадуроны кепілмен босатуға тырысатынын айтты.
Осы уақытта Делси Родригес Венесуэланың уақытша президенті болып тағайындалды. Алғашында ол АҚШ әрекеттерін қатаң айыптап, Мадуроны босатуды талап етті. Алайда кейінірек Дональд Трампқа үндеу жасап, венесуэлалықтардың «соғысты емес, бейбітшілікті қалайтынын» айтты және АҚШ-ты ынтымақтастық бағдарламасын бірлесіп әзірлеуге шақырды.
Бұл мәлімдеме Трамптың Венесуэла билігі АҚШ-пен ынтымақтастық орнатпаса, жаңа соққы беруі мүмкін екенін ескерткеннен кейін жасалды. Сонымен қатар АҚШ президенті Делси Родригеске де қоқан-лоқы жасап, «дұрыс шешім қабылдамаса, оның төлеуі Мадуродан да ауыр болуы мүмкін» екенін мәлімдеді.
Материал авторы