Талдықорғанда әйелді көліктің багажына салып алғаны туралы ақпарат тарады (ВИДЕО)
Полиция Toyota Camry жүргізушісін мас күйде ұстады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорған қаласында әлеуметтік желіде тараған «әйел адамды көліктің жүк салғышында тасымалдады» деген ақпаратқа полиция түсініктеме берді.
Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 9 қаңтар күні «102» нөміріне Шевченко көшесінде Toyota Camry көлігінің жүргізушісі әйел адамды жүк салғышта алып жүр деген хабарлама түскен. Ақпарат түсе салысымен полиция қызметкерлері оқиға орнына жіберіліп, Жедел басқару орталығының бейнебақылау операторлары тексеру жұмыстарын бастады.
Бейнебақылау камераларын қарау барысында аталған көліктің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталған. Патрульдік полиция экипажы автокөлікті тоқтатып, жүргізушіні полиция бөліміне жеткізді.
Тексеру нәтижесінде жүргізушінің орта дәрежеде алкогольдік мас күйде болғаны белгілі болды. Көліктің салоны мен жүк салғышын қарау кезінде бөгде адамдар табылған жоқ. Әйел адамды жүк салғышта тасымалдау немесе ұрлау фактілері расталмады.
Полицияның мәліметінше, ерлі-зайыптылар арасында ауызша жанжал туындаған. Осыдан кейін алдыңғы жолаушылар орындығында отырған әйел адам көліктен өз еркімен шыққан. Бұл дерек әйелдің берген түсініктемесімен және бейнебақылау жазбаларымен дәлелденген.
Көлік құралын алкогольдік мас күйде басқару дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Жүргізуші көлік басқару құқығынан 7 жылға дейін айырылып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Полиция азаматтарға қырағылық танытқандары үшін алғыс білдіріп, күмән тудыратын жағдайлар туралы дереу «102» нөміріне хабарлауға шақырды. Сондай-ақ расталмаған ақпаратты таратпау керектігін ескертті.
Материал авторы