SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында қысқы ауа райының қолайсыздығы салдарынан жолаушылар автобусы жолдан шығып, жыраға түсті. Оқиға 12 қаңтар күні Шахтинск қаласынан шыға берісте болған.
Маршруттық автобустың жүргізушісі боран кезінде тайғақ жолда көлікті басқара алмай қалған. Салонда шамамен 50 жолаушы болған.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Барлық жолаушы аман.
Ведомство өңір аумағында әлі де күрделі метеожағдай сақталып отырғанын ескертті. Қазіргі уақытта боран, екпінді жел және көктайғақ байқалады.
«Жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтау, арақашықтықты ұлғайту, күрт бұрылыстан бас тарту және мүмкіндігінше алыс жолға шықпау ұсынылады», – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
RUS