426

Ресейде бала туу көрсеткіші құлдырап жатыр

Ресей билігі демографиялық статистиканы жариялауды тоқтатты.

Ресейде бала туу көрсеткіші құлдырап жатыр
Константин Завражин/РГ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде демографиялық ахуал ушығып тұр. Елде туу көрсеткіші төмендеп жатқан тұста Орыс православие шіркеуі (ОПШ) бұрын-соңды болмаған қадамға барып, аборт жасамақ болған әйелдерді «ақылға келтіру» үшін арнайы молебен өткізді.

Мәскеу епархиясының хабарлауынша, аталған діни рәсім енді жыл сайын 11 қаңтарда ОПШ-ның барлық храмдарында оқылатын болады. Ресейлік БАҚ дерегіне сүйенсек, алғашқы молебен жексенбі күні кемінде 15 өңірде өткізілген.

Өткен жылы Ресей билігі демографияға қатысты ресми статистиканы жариялауды тоқтатты. Соған қарамастан, ел президенті Владимир Путин желтоқсанда өткен дәстүрлі тікелей эфир кезінде халық санының азайып бара жатқанын ашық мойындады. Оның айтуынша, қазіргі туу коэффициенті шамамен 1,4 деңгейінде қалып отыр, ал халық санының кемімеуі үшін бұл көрсеткіш кемінде 2,1 болуы тиіс.

Путин бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдениет саласында «әкелік пен балалықты насихаттауды» күшейту қажет екенін айтып, мұның «сәнге айналуы тиіс» екенін жеткізді. Сондай-ақ ол жастарды некеге тұру мен бала сүюді кейінге қалдырмауға шақырды. Президент бұл ретте Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың отбасын мысалға келтіріп, Кавказ халықтарында ерте үйлену дәстүрі бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Путин жоғары білім мен мансапқа ұмтылған әйелдердің көбінде 30 жасқа келгенде «небәрі бір ғана бала болатынын», ал кейін екінші балаға «күш-қуат жетпей қалатынын» мәлімдеді.

Ресей православие шіркеуі Украинадағы соғысты қолдап отырғаны белгілі. Соңғы жылдары ОПШ аборттарға толық тыйым салу қажеттігін ашық айтып келеді. Елде шамамен 800 жекеменшік клиника аборт жасау лицензиясынан бас тартқан. Абортқа итермелегені үшін айыппұл салу нормасы 23 өңірде енгізілген, тағы бірнеше аймақта мұндай заң жобалары қаралып жатыр. 

Материал авторы