SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында жоғалып кеткен 8 жастағы бала құдықтан табылды. Бала өміріне қауіп төнгенімен, ол аман қалды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияға Райян есімді баланың жоғалғаны туралы хабар сол күні түскен. Ол соңғы рет шамамен сағат 14:30-да көрінген. Ақпарат түсе салысымен іздеуге ауыл тұрғындары жұмылдырылып, оларға полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері қосылған.
Іздеу барысында бейнебақылау камералары шешуші рөл атқарды. Учаскелік инспектор Алмас Бесенбеков пен ауылдық округ әкімі Данияр Айдарбаев камера жазбаларын қарап, баланың ықтимал жүрген бағытын және болуы мүмкін орнын анықтаған.
Нәтижесінде бала бірнеше сағат бойы құдықтың ішінде болғаны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол бетон плитасының бір шеті опырылып, астында ойық пайда болғандықтан, абайсызда құдыққа құлап кеткен.
Бала қауіпсіз түрде құдықтан шығарылды. Оның жағдайы жақсы, медициналық көмек қажет болмаған. Баланың анасы іздестіруге қатысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Абай облыстық полиция департаментінің бастығы Елдар Данияров бейнебақылау жүйелерінің маңызын атап өтіп, бұл жолы камералар баланың орнын жедел анықтауға және оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бергенін айтты.
Полиция өкілдері тұрғындарды балаларға ерекше назар аударуға, сондай-ақ ашық немесе қауіпті инженерлік нысандар туралы уақтылы хабарлауға шақырды. Мұндай сақтық шаралары қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
RUS