422

Астанада бұрынғы шенеуніктің өлімі бойынша іс сотқа жіберілді

Кісі қолынан қаза тапқан шенеуніктің өліміне қатысты істі Бишімбаевқа үкім шығарған Айжан Құлбаева қарайды.

Астанада бұрынғы шенеуніктің өлімі бойынша іс сотқа жіберілді
primeminister.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты тергеу аяқталып, іс материалы сотқа тапсырылды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады.

Прокуратура мәліметінше, қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша қозғалған. Күдіктіге қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі уақытта іс ҚР ҚПК 300-305 баптарына сәйкес сотқа жолданған. Қалған деректер жария етілмейді (ҚПК 201-бап).

Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, іс Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотқа түскен. Оны бұрын Салтанат Нүкеноваға қатысты Бишімбаев ісінде үкім шығарған судья Айжан Құлбаева қарайды. Алдын ала тыңдау 19 қаңтарға белгіленген.

Еске сала кетейік, Ержан Бабақұмаров 30 қазан түнінде танысымен болған төбелес салдарынан қаза тапқан.

Ержан Бабақұмаров - 2 наурыз 1969 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген, саяси ғылымдар кандидаты. 1996 жылдан мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, Қазақстан Президенті Әкімшілігінде бірнеше маңызды лауазымдарды атқарған. Оларға ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі орынбасары, ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі, мәдениет және ақпарат вице-министрі, Премьер-Министр кеңсесінің орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры және кеңесші қызметтері кіреді. 2019 жылғы шілдеден 2022 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болған.

Материал авторы