299

Қар, көктайғақ, тұман: 13 қаңтарға арналған ауа райы болжамы

Бүгін Қазақстанда дауылды ескерту жарияланды.

Қар, көктайғақ, тұман: 13 қаңтарға арналған ауа райы болжамы
Scott Olson/ Getty Images via AFP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 13 қаңтар күні Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы сақталады. Синоптиктер ел аумағында қатты аяз, тұман, көктайғақ пен дауылды жел болатынын ескертті.

Атырау облысында және Атырау қаласында күндіз тұман түсіп, жолдарда көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 20–23 метрге дейін жетуі мүмкін.

Абай облысында түнде және күндіз қар жауып, бұрқасын соғады. Жел күшейіп, екпіні 23 м/с-қа дейін барады. Семей қаласында да қар мен көктайғақ күтіледі. Сонымен қатар өңірде алдағы күндері ауа температурасы күрт төмендеп, түнгі аяз –35 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында 13 қаңтардан бастап суық толқын күшейеді. Түнгі және күндізгі температура –20–25 градусқа дейін төмендеп, ал 14–15 қаңтарда –35…–38 градус аяз болжанған. Петропавл қаласында да осындай жағдай күтіледі.

Қарағанды облысында қар, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ тіркеледі. Жел екпіні түнде 20–23 м/с-қа дейін күшейеді. Ал 14 қаңтардан бастап өңірде аяз –30 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.

Ақмола облысында қар жауып, жолдарда көктайғақ болады. Солтүстік және шығыс аудандарда жел күшейіп, алдағы күндері түнгі аяз –35…–38 градусқа дейін жетеді деп күтіледі. Астанада кей уақытта тұман түсіп, жолдарда көктайғақ сақталады.

Павлодар, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында қар, бұрқасын және қатты аяз болжанып отыр. Кей өңірлерде түнгі температура –38 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Жетісу және Маңғыстау облыстарында негізінен тұман, желдің күшеюі және көктайғақ күтіледі. Таулы және солтүстік аудандарда ауа райы әсіресе қауіпті.

Материал авторы