Соловьевтің эфирдегі сөзінен кейін Армения Ресейге наразылық нотасын жіберді (ВИДЕО)
Ресейлік тележүргізуші эфирде Арменияға қарсы өшпенділік сипаттағы сөздер айтқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Арменияның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының елшісі Сергей Копыркинге ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьевтің мәлімдемелеріне байланысты ресми наразылық нотасы тапсырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы News.am жазды.
Ведомствоның баспасөз хатшысы Ани Бадалянның айтуынша, Ресей елшісі Армения СІМ-іне арнайы шақырылып, оған Соловьевтің мемлекеттік телеарнадағы эфирде айтқан сөздеріне байланысты «терең алаңдаушылық пен наразылық» білдірілген нота табысталған.
«Ресейдің Армениядағы елшісіне мемлекеттік телеарнаның эфирінде айтылған мәлімдемелерге байланысты наразылық нотасы тапсырылды. Бұл сөздер Армения Республикасының егемендігіне қол сұғу болып табылады, дұшпандық сипатқа ие және Армения мен Ресей арасындағы достық қатынастардың негізгі қағидаттарын өрескел бұзады», – деді Ани Бадалян.
РБК мәліметінше, 10 қаңтар күні «СоловьевLife» бағдарламасында Владимир Соловьев Армения мен Орталық Азияның Ресей үшін «жоғалуы – аса ірі проблема» екенін айтқан.
«Біз үшін Арменияда болып жатқан жағдай Венесуэладағы оқиғаларға қарағанда әлдеқайда ауыр. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украина аумағында арнайы әскери операция бастау қажет болды деп есептесек, дәл осы логикамен ықпал аймағымыздың өзге нүктелерінде де әскери әрекеттерді неге бастамасқа?» – деген еді тележүргізуші.
Армения тарапы бұл мәлімдемелерді елдің егемендігіне төнген тікелей қатер және мемлекетаралық қатынастарға нұқсан келтіретін сөздер ретінде бағалады.
Материал авторы