457

Ресейлік комментатор жас қазақ хоккейшілерін эфирде балағаттаған (ВИДЕО)

Дөрекі сөздер тікелей эфирге түсіп, резонанс тудырды.

Ресейлік комментатор жас қазақ хоккейшілерін эфирде балағаттаған (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік комментатор Максим Гречанин Омбыда өткен балалар арасындағы хоккей турнирі кезінде Қазақстанның «Астана» командасының жас ойыншыларын эфирде балағаттаған. Даулы сәт тікелей трансляцияға түсіп, қоғамдық резонанс тудырды.

Оқиға Омбы қаласында өткен балалар хоккей турнирінде болған. Матч басталар алдында жергілікті комментатор Максим Гречанин «Астана» командасының ойыншыларына қатысты дөрекі, этикаға сай келмейтін сөздер айтып қалған. Бұл сөздер эфирге шығып кеткен.

Кейін комментатор өз әрекеті үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ турнир ұйымдастырушылары мен Ресей хоккей федерациясы ресми түрде кешірім білдірді.

Максим Гречаниннің айтуынша, айтылған сөздер мүлде эфирге шығуға тиіс болмаған және ол бұл әрекеті арқылы қандай да бір ұлт араздығын қоздыруды мақсат етпеген.

«Менің сөздерім өрескел әрі әдепсіз болды. Бұл мені де, өкілдік ететін кәсібімді де абыройлы етпейді. Спорт комментаторы матчты эмоциясы мен кәсіби шеберлігі арқылы көрікті етуі керек, ал көрерменде жағымсыз әсер қалдырмауы тиіс», — деді ол.

Комментатор сондай-ақ өзі сегіз жастағы хоккейшінің әкесі екенін айтып, оқиғадан кейін баласына қарап отырып, «Астана» командасы ойыншыларының ата-аналары қандай күй кешкенін түсінгенін жеткізді.

Омбының жергілікті БАҚ-тарының хабарлауынша, бұл оқиғадан кейін Ресей хоккей федерациясы тексеріс бастаған.

Материал авторы