SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында үш жасөспірім кәсіпкерлерді алдады деген күдікке алынды. Олар тауар үшін төлем жасалғанын көрсету мақсатында жасанды интеллект көмегімен электронды чек әзірлеген. Бұл туралы өңірлік прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Құқық қорғау органдары алдын ала сөз байласу арқылы жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Прокуратураның мәліметінше, заңбұзушылық кәсіпкерлердің өтінішінен кейін анықталған. Саудагерлер банк шоттарына нақты түскен қаражат пен сатып алушылар ұсынған электронды чектер арасында елеулі сәйкессіздікті байқаған.
Тергеу дерегінше, күдіктілер чек генерациялау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланған. Кәсіпкерлерге келтірілген залал көлемі әзірге жарияланған жоқ.
Қадағалау органы бизнес өкілдеріне төлемнің нақты жүргізілгенін тек банктердің ресми мобильді қосымшалары арқылы ғана тексеруге кеңес берді.
RUS