Блогер Қайсар Қамзаға не үшін іздеу салынғаны белгілі болды
Танымал блогерге қамау санкциясы жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының азаматы Қамза Қайсар Бақытжанұлын халықаралық іздеуге жариялады. Ол 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған.
Ведомствоның мәліметінше, сот Қамза Қайсарға қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген.
Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті соңғы бес жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде «qais_arr» атауымен (2,4 млн жазылушы) блогерлік қызмет жүргізген. Сонымен қатар, Telegram желісіндегі «Қора энтертейнмэнт» атты жабық арнаны басқарған, оның аудиториясы 368 мың адамға жеткен.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Қамза Қайсар әлеуметтік желідегі жеке парақшалары арқылы жүйелі түрде бейнематериалдар мен жарияланымдар орналастырып отырған. Ол материалдарда Қазақстан азаматтарын «Pinco» интернет-казино платформасына тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға тікелей шақырулар, сілтемелер мен графикалық элементтер болған. Сонымен қатар, әр бейненің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокод жарияланған.
Осы әрекеттер арқылы күдікті онлайн ойын платформасын жарнамалап, азаматтарды құмар ойындарға тартқан. Тергеу нұсқасы бойынша, ол бұл үшін сыйақы, бонустар немесе ойын платформасынан пайыздық табыс алып отырған.
Заңсыз табысты жасыру мақсатында Қамза Қайсар криптовалюта әмиянын пайдаланған. Тергеу мәліметінше, «Pinco» интернет-казиносын ұйымдастырушылардан төлемдер дәл осы криптоәмиянға аударылып отырған.
Сот санкциясымен күдіктінің криптоактивтеріне — 182 736,741 USDT көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қамза Қайсардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда, азаматтарды ведомствоға хабарлауға шақырады.
Материал авторы