«Қол-аяғы байлаулы, аузына қолғап тығылған»: Жаркентте қаза тапқан капитанның ісіне сот нүкте қойды
Мерзімді қызметтегі үш сарбаз ұзақ мерзімге сотталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаркент қаласында 27 жастағы капитан Дархан Даулеттің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот марқұмның төрт әріптесін, оның ішінде батальон командирін кінәлі деп таныды. Бұл туралы сот материалдарына сілтеме жасаған Tengrinews.kz жазды.
Қайғылы оқиға 2024 жылғы 14 қарашаға қараған түні болған. Сол түні Жаркент қаласындағы «74261 әскери бөлімі» инженерлік қызметінің бастығы, капитан Дархан Даулет тәуліктік кезекшілікке түсіп, түнгі сағат бірлер шамасында өлі күйінде табылған.
Алғашқы ресми мәлімдемеде Қазақстан Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі әскери қызметкердің «диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан ауыр жарақат алғанын» хабарлаған. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспей, өлімнің зорлық-зомбылықпен байланысты екенін мәлімдеді.
Туыстарының айтуынша, Дархан Даулетті әріптестері тапқанда оның қолы мен аяғы артқа қарай байланған, аузына қолғап тығылған. Сондай-ақ басынан тесік жарақат анықталып, денесінде көптеген гематома болған.
Марқұмның ағасының сөзінше, таңғы сағат 07:00 шамасында әскери бөлімнен офицерлер келіп, ата-анасына Дарханның зорлықпен өлтірілгенін және күдіктілердің өз әріптестері екенін хабарлаған.
«Дархан әлімжеттікке шағымданған жоқ. Бірақ қаза болар алдындағы соңғы аптада оның психологиялық жағдайы нашарлап, қатты күйзелісте жүргенін туыстары байқады», — дейді марқұмның ағасы.
Іс қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін Қорғаныс министрлігі төрт күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Олардың қатарында бір офицер және мерзімді қызметтегі үш әскери қызметкер бар. Әскери бөлім командирі қызметінен шеттетіліп, бірқатар лауазымды тұлғалар басқа гарнизондарға ауыстырылды. Сонымен қатар Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіповты қызметінен босату жөнінде ұсыныс енгізілді.
Бас әскери прокуратура мәліметінше, тергеу аясында екі қылмыстық іс қозғалған. Мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлерге Қылмыстық кодекстің 439-бабының 3-бөлігі (бастыққа қатысты күш қолдану, өлімге әкеп соққан) бойынша, ал батальон командиріне 451-баптың 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану) бойынша айып тағылды.
Сот барысында 2024 жылғы 14 қарашада шамамен 00:30-да батальон командирінің әдейі заңсыз «диверсиялық әрекеттерді имитациялау» бұйрығын орындаған үш әскери қызметкер капитан Дархан Даулетті ұстап алып, қол-аяғын байлап, аузына қолғап тығып, әскери бөлімнің спорт қалашығында қалдырғаны анықталды. Соның салдарынан ол механикалық асфиксиядан абайсызда көз жұмған.
Сот батальон командирін екі бап бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді, 10 жылға Қарулы күштерде басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды және майор әскери атағынан айырылды.
Марқұмның екі әріптесі — мерзімді әскери қызметкерлер — 12 жылға сотталды. Тағы бір мерзімді қызметкер 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлығы да жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сотталғандар үкімге апелляциялық шағым түсіргенімен, 2025 жылғы 25 қыркүйекте сот алқасы бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Материал авторы