Депутат: Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувенирге айналды
Мақсат Толықбай атақ пен марапат сатылымын тоқтатуды ұсынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, депутат Мақсат Толықбай Үкіметке, оның ішінде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға мемлекеттік және қоғамдық марапаттардың «сатылымға айналуын» тоқтату үшін нақты шаралар қабылдауды ұсынды.
Атақ сатылатын сувенирге айналды
Толықбайдың айтуынша, қазіргі кезде «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Ұлт ұстазы» сияқты атақтар кейбір ұйымдар арқылы ашық немесе жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі бағамен таратылады. Кейбір пысықай ұйымдар зәулім ғимараттарды жалға алып, кәсіпкерден бастап мұғалімге дейінгі адамдарға «қызыл кілеммен» медаль мен орден береді. Депутаттың пікірінше, мұндай рәсімдерде өздері де нақты не алып жатқанын білмейді.
«Марапат бизнесі» білім жүйесін зақымдауда
Депутат ең қауіпті үрдіс ретінде мектептерге енуін атап өтті. Қазір кейбір ұстаздардың кәсіби деңгейін оқушыларға беретін білім сапасы емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы бағалайтын жағдайға жеткен. Нәтижесінде педагогтар білім беруден гөрі марапат жинауда бәсекелесуге мәжбүр.
Мемлекеттік наградаларды қорғау қажет
Көптеген дамыған елдерде мемлекеттік марапаттар заңмен қорғалады, критерийлері нақты белгіленеді, рәсім ашық жүргізіледі. Мұндай жүйе атақтардың беделін сақтап, заңсыз саудаға жол бермейді. Қазақстанда болса, кез келген адам қоғамдық ұйым ашып, марапат тарата алады.
Депутаттың ұсыныстары
-
2025 жылғы заңнамалық өзгерістердің толық және тиімді іске асуын қамтамасыз ету, мемлекеттік наградаларды қатаң бақылауға алу.
-
Қоғамдық марапаттардың заңсыз таралу фактілеріне әкімшілік және құқықтық шараларды жүйелі қолдану, жауапты тұлғаларды нақты жауапқа тарту.
-
Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізу, цифрлық бақылау арқылы марапаттау институтының ашықтығы мен беделін қамтамасыз ету.
«Салмағы жоқ, сатып алынатын атақтар мен медальдарды тоқтатудың бір ғана жолы бар: сатқызбау, сатып алмау және жол бергендерді заңға сәйкес жауапқа тарту», — дейді Мақсат Толықбай.
Материал авторы