Әр бесінші дәрігердің жасы зейнетке жақын: Депутат жас мамандарды жұмысқа тарту ісін сынға алды
Үкіметтен ауылдық медицинаны қолдаудың нақты жоспары сұралды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, депутат Гүлдара Нұрым Премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, ауылдық жерлерде медициналық кадрлардың жетіспеушілігін шешу үшін нақты шаралар қабылдауды талап етті.
Депутаттың айтуынша, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауылдық жерлерде кадр тапшылығы нақты көрсетілген. Бағдарламаның бір бөлігі ретінде жас мамандарға көтерме жәрдемақы 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде белгіленген. Бірақ практикада бұл бастама іске асырылмай отыр. Қазіргі таңда медициналық кадрлардың жағдайы шиеленісті күйінде қалып отыр. Статистикаға сәйкес, әр бесінші дәрігер зейнетке жақын, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш одан да жоғары.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы дәрігерлер тапшылығы ең жоғары өңірлердің қатарына кіреді. Мұнда 10 мың тұрғынға небәрі 32,7 маман ғана келеді. Сонымен қатар, Ақмола облысы мен СКО-да жас мамандарға жәрдемақы төленбеген, ал Абай облысында тіпті шешім қабылданбаған.
«Механизмдер бекітілген, қаражат бөлінген, бірақ жергілікті әкімдік пен орынбасарлардың әрекетсіздігі салдарынан жас мамандарға уәде етілген қолдау көрсетілмей отыр», — делінген депутаттық сауалда.
Депутат Гүлдара Нұрым Үкіметке төмендегідей нақты ақпаратты сұраған:
Жәрдемақы төлемей қалған өңірлер тізімі мен нақты себептер.
Бюджетке қаражат қанша қарастырылған және қаншасы нақты дәрігерге жеткені (аймақтар бойынша).
Аталған мәселелерді шешпеген жауапты тұлғаларға қандай шаралар қолданылып жатыр және қолданылмақ.
Депутаттың пікірінше, жас мамандарды ауылда қалдыруға нақты шешім қабылдамасақ, бюрократиялық кедергілер мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін төмендетіп, өңірлердің болашағына кері әсерін тигізеді.
Материал авторы