378

Қырғызстан депутаты Соловьёвтің елге кіруін шектеуді ұсынды

Ресей пропагандисі Владимир Соловьёв Орталық Азия мен Армения туралы өшпенділікке толы мәлімдеме жасаған еді.

Қырғызстан депутаты Соловьёвтің елге кіруін шектеуді ұсынды
СоловьевLife

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстан парламентінің депутаты Дастан Бекешев ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёвті «persona non grata» деп жариялауды ұсынды. Бұл ұсыныс журналистің Орталық Азия елдері мен Арменияның ішкі істеріне күш қолдану мүмкіндігі туралы айтқан пікірлеріне байланысты.

Дастан Бекешевтің айтуынша, ол Соловьёвтің мәлімдемелерімен танысып, бұл оқиғаға Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің ресми баға беруі қажет деген тұжырымға келген.

«Біздің СІМ Ресейдің елшісін шақырып, ресми реакция білдіруі, нота жолдауы және, мүмкін, оны persona non grata деп жариялауы керек. Мұндай адамды Қырғызстанға кіргізуге болмайды», — деді депутат.

Мәселе Соловьёвтің мемлекеттік телеарна эфирінде Ресей ықпалына кіретін аймақтағы елдерді, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттері мен Арменияны, күшпен бақылау мүмкіндігін талқылау ұсынысында.

Бұған дейін Армения СІМ Ресей елшісі Сергей Копыркинді шақырып, нота берді. Министрлік мәлімдемеде мұндай сөздердің елдер арасындағы одақтық және достық қарым-қатынастар рухына қарсы екенін атап өтті.

Айта кетейік, Владимир Соловьёв бұған дейін де Орталық Азия елдерінде «арнайы әскери операция» жүргізу мүмкіндігі туралы пікірлер айтқан, бұл қоғамда кең резонанс тудырған еді.

Материал авторы