566

Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі өзіне тіл тигізгендерді сотқа берді

Әлеуметтік желідегі қорлаулар үшін бірнеше адам жауапқа тартылған.

Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі өзіне тіл тигізгендерді сотқа берді
instagram.com/t_a_d_d_s_

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі ретінде танылған Айман есімді әйел өзіне тіл тигізген әлеуметтік желі қолданушыларын сотқа тартты.

Құқықтық қолдауды қамтамасыз етіп жүрген заңгер Ділназ Мұхамедова әлеуметтік желідегі парақшасында үш істе жеңіске жеткендерін хабарлады. Оған сәйкес, үш тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, азаматтық істер бойынша моральдық зиянның ақшалай өтемақысы өндірілген. Сонымен қатар, тағы бес іс сотта қаралу үстінде.

Заңгердің айтуынша, соттарда Айман ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау мақсатында, шындыққа сәйкес келмейтін және қорлайтын ақпарат таратқан тұлғалар жауапқа тартылуда. Анонимді немесе фейк парақшаларды қолданған жағдайларда да сот автордың жеке басын анықтай алады.

Ділназ Мұхамедова әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады:

«Пікір білдіру еркіндігі шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату, ар-намыс пен қадір-қасиетті кемсіту, жария кеңістікте қорлау үшін жауапкершіліктен босатпайды. Мұндай әрекеттер үшін заң бойынша әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілік, моральдық зиянды өтеу, сот шығындарын өндіру және жалған ақпаратты жоққа шығару міндеттері қарастырылған».

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор