2288

Жангелдин ауылында ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдіктілер қайда екені белгілі болды

Күдікті «қызыл деңгейдегі» халықаралық іздеуге енгізілді.

Жангелдин ауылында ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдіктілер қайда екені белгілі болды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысы полиция департаменті бір отбасының қазасына қатысты негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаянның Қазақстаннан Өзбекстан арқылы шығып кеткенін растады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Ақбаян із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздестіріліп жатыр. Ал негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық «қызыл деңгейдегі» іздеу тізіміне енгізілген. Бұл мәртебе оның қай елде жүрсе де ұсталуына мүмкіндік береді: шекарадан өту, әуе немесе теміржол көлігіне отыру, көпшілік орында пайда болу кезінде ол автоматты түрде қамауға алынуы тиіс.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер Қазақстан аумағынан Өзбекстан арқылы шығып, кейін бірнеше елде бой тасалаған.

«Біз олардың нақты қай жерде екенін білеміз. Қазіргі уақытта халықаралық құқықтық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Жақын арада тұтқындау жүзеге асады», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Құқық қорғау органдары Ақбаянның денсаулығында белгілі бір мәселелер барын растады. Алайда оны әрекетке қабілетсіз деп тану жөнінде соттың ресми шешімі жоқ және бірінші топтағы мүгедектік тағайындалмаған.

Еске салайық, 2026 жылғы 6 қаңтарда Атырау облысында 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өз үйлерінің ауласындағы қорадан көмулі күйінде табылған. Сараптама олардың денесінде пышақ жарақаттары барын анықтады.

Марқұмдардың үш баласы болған: 35 жастағы Мирамгүл және 30 жастағы қызы Ақбаян, 32 жастағы ұлы Наурыз. Ерлі-зайыпты мен олардың ұл-қызы Мирамгүл мен Наурызға 2025 жылғы 25 желтоқсанда ресми түрде іздеу жарияланған. Ал туыстары отбасымен байланыс қараша айында үзілгенін айтқан.

7 қаңтарда отбасының 30 жастағы кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның да хабар-ошарсыз кеткені белгілі болды. Полиция дерегінше, оның бес баласы бар.

Еске салайық, Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт ересек мүшесі 2025 жылдың күзінде із-түссіз жоғалған. Іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, олардың қайда екені әзірге анықталған жоқ.

Материал авторы