Жангелдиндегі қасірет: Қаза тапқан отбасының туыстары жаңа деректерді жариялады
Жоғалған Наурыздың жазған хаттары жария болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасының туыстары мен жақындары оқиғаға қатысты тың мәліметтерді жария етті. Бұл туралы олар Qazaq Airan арнасының тілшісіне берген сұхбатта айтып берді.
Марқұмдардың көршісінің айтуынша, жоғалып кеткен Мирамгүл Қарабалина ауылдастары және достарымен жақсы қарым-қатынаста болған, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан. Оның мінез-құлқында немесе өмір салтында күмән тудыратындай жайт болмаған.
Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевтің сөзінше, марқұмның ұлы Наурыз Мұқанғалиев қалаға кеткенін айтып, содан кейін тек хабарламалар арқылы ғана байланысқа шыққан. Ол қарашаның 4–10 күндері аралығында жалақысын алып, ауылға келетінін жазған.
Марқұмның туған қарындасы Әдемі Шылмағамбетова Наурыздың WhatsApp желісінде жазған хаттарын көрсетті. Хабарламаларда Наурыз ата-анасының емделіп жатқанын бірнеше рет айтқан, тіпті анасын Ташкентке апарып емдеткенін жазған. Сонымен қатар «үйленгім келеді, бірақ апам рұқсат бермей отыр» деген мазмұндағы шағымдары да болған. Тіпті Ташкенттегі таныстардың үйіндеміз деп те жазған. Алайда Әдемі Шылмағамбетованың айтуынша, Мақсот Қарабалиннің Ташкентте таныстары болмаған. Хабарламаларға жауап көбіне бір күн кешігіп беріліп отырған.
Осы жайттардан кейін желтоқсан айында Әдемі Шылмағамбетова прокуратураға арыз жазған.
Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, 6 қаңтар күні туыстарымен бірге марқұмдардың үйінің ауласындағы шағын қораны тексеруге кіріскен. Киім қалталары, шкафтар мен сөрелер ақтарылған. Кейін қора ішіндегі диван көтерілгенде, еденнің цементтелмегені байқалған. Тергеушілер келген соң шамамен бір метр тереңдікте екі адамның денесі табылған. Алдымен Мақсот Қарабалиннің, оның астынан жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті шыққан. Марқұмдар үй киімінде болған.
Туыстарының айтуынша, бұған дейін құқық қорғау органдары үй аумағын бірнеше мәрте ізкесуші иттермен тексергенімен, ештеңе анықталмаған.
Сондай-ақ Наурыздың телефонынан әпкесіне жолданған соңғы хабарламада:
«Не дүрліктіріп жатырсыз, арыз жазып, проблема аздай өзімізде. Пайдаларың тимесе де, зияндарыңды тигізбеңіздерші. Босқа көмектесе алмайсыздар, мысқылдап күлесіздер ғой. Пайдаларыңнан зияндарың көп екен. Өз ата-анама өзім жауап берем. Шаруаларыңыз болмасын, жарар. Үйленіп алдым. Тыныш өмір сүргізбедіңдер ғой жан-жақтан», — деген мәтін болған.

Желіде күдіктілердің бірі ретінде Наурыздың өзі аталуына туыстары үзілді-кесілді қарсы. Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, Наурыз ата-анасына немесе басқа біреуге зиян келтіре алатын адам емес.
Еске салайық, 2026 жылғы 6 қаңтарда Жангелдин ауылында 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өз үйлерінің ауласындағы қорадан көмулі күйінде табылды. Сараптама олардың денесінде пышақ жарақаттары болғанын көрсетті. Ерлі-зайыптының үш баласы бар: 35 жастағы Мирамгүл, 32 жастағы Наурыз және 30 жастағы Ақбаян. 2025 жылғы 25 желтоқсанда Мақсот Қарабалин, жұбайы және екі баласына ресми түрде іздеу жарияланған. 7 қаңтарда Ақбаян Мұқанғалиеваның да хабар-ошарсыз кеткені белгілі болды. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Материал авторы