355

Ардагер футболшы Темірлан Анарбековке Еуропаға кету әлі ерте екенін айтты

Анарбековтің трансферіне қатысты күмән туды.

Ардагер футболшы Темірлан Анарбековке Еуропаға кету әлі ерте екенін айтты
@fc_kairat

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан футболының ардагері Юсуп Шадиев ұлттық құраманың және алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековтің Еуропаның мықты чемпионаттарына ауысу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sports.kz жазды.

Маманның айтуынша, жас қақпашыға әзірге Қазақстан чемпионатында тағы бір маусым өткізіп, тұрақтылығын дәлелдеу маңызды.

«Меніңше, оған әзірге күшті еуропалық чемпионатта ойнау ертерек. Бір маусым жақсы өткенмен, келесі жылы спад болуы мүмкін. Бұл, әсіресе, жас ойыншыларға тән жағдай. Сондықтан Темірланға Қазақстан чемпионатында тағы бір жыл ойнап, өзінің жоғары деңгейін нақтылап алғаны жөн. Ол — өте дарынды қақпашы. Егер дамуын жалғастырса, алдағы уақытта сөзсіз Еуропаның жетекші чемпионаттарының бірінен табылады», — деді Юсуп Шадиев.

Айта кетейік, 2025 жылы Темірлан Анарбеков айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ол Қазақстан Премьер-Лигасының маусымдағы үздік қақпашысы атанып, ресми түрде 2025 жылғы ҚПЛ-дың ең үздік қақпашысы мәртебесін иеленді.

Сонымен қатар, 2025/26 маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Қайрат» қақпасын қорғаған Анарбеков SofaScore нұсқасы бойынша қақпашылар арасында рейтинг көшін бастады. Ал топтық кезеңнің алтыншы турынан кейін ол жалпы ойыншылар рейтингінде 8,9 баллмен бірінші орынға шығып, Килиан Мбаппе сынды әлемдік жұлдыздарды артта қалдырды.

Материал авторы