SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал актриса әрі блогер Таня Турлайдың әкесі дүниеден өтті. Қаралы хабарды өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Актрисаның айтуынша, әкесі ол үшін өмірдегі ең мейірімді әрі ең жарқын адам болған. Ол әкесін әзілге баулыған, өмірге деген жеңіл көзқарасты үйреткен жан ретінде еске алды.
«Әкем — мен үшін бұл дүниедегі ең мейірімді әрі ең күлкілі адам еді. Маған әзіл-оспақты үйреткен дәл осы кісі болатын. Бүгін менің әкем жоқ. Ал мен оны шексіз жақсы көремін. Ол әлемдегі ең керемет әке болды. Менің беларусьтік әкем. Менің супер-механизаторым. Картопты жанындай жақсы көретін. Мейірбаным», — деп жазды Таня Турлай.
Белгілі болғандай, марқұм ұзақ уақыт бойы онкологиялық дертпен күрескен. Актриса бұл кезеңнің отбасы үшін аса ауыр болғанын атап өтті.
«Ол қарапайым, адал, түсінікті ғұмыр кешті. Еңбек етті, күлді, өзіне тән жолмен, бар жүрегімен сүйді. Жүздеген мың гектар жерге егін екті, тонна-тонна нан өсірді. Былтыр қатты ауырып қалды. Біз ешкімге тілемейтін жолдан өттік. Соңғы демге ешқашан дайын болу мүмкін емес екен. Біз соңына дейін жанында болдық. Өмірдегі ең ауыр нәрсе — ең жақын адамыңның қалай кетіп бара жатқанын көру. Обыр жеңді», — деп жазды ол.
Сондай-ақ Таня Турлай әкесінің өміріндегі қарапайым, бірақ қымбат сәттерді де еске алды.
«Әкем мені орманға саңырауқұлақ теруге апаратын, тракторға мінгізіп қыдыртатын, күлдіретін. Балалық шағымда алғаш рет лезгинка билегенімді көргенде: “Қызым, мен сенімен сондай мақтанамын!” деп айтып, кейін жылап жібергені бар. Ол бізді үнсіз, даңғазасыз, бірақ шынайы сүйді. Оны таныған әр адам Сашка Турлайды ешқашан ұмытпайды», — деп жазды актриса.
Марқұмды таныған жандар оның мейірімді, жарық жүзді, қарапайым адам болғанын айтады.
RUS