Астанада 7 жасар шөбересін туған күнде зорлаған қария сотталды
82 жастағы ер адам өз шөбересіне азғындық жасаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қаласының соты жеті жасар шөбересіне жыныстық зорлық-зомбылық жасаған 82 жастағы ер адамға қатысты үкім шығарды. Сот айыпталушыны аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қылмыс баланың туған күніне орай туыстар жиналған сәтте, отбасының өз үйінде жасалған. Тергеу материалдарына сәйкес, қарт адам қылмыс үстінде туыстары тарапынан әшкереленген. Бұл деректер куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, оның ішінде генетикалық сараптама нәтижелерімен толық расталған.
Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі «Жыныстық зорлық-зомбылық көрсету» бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қоғам белсендісі, NeMolchiKZ қорының жетекшісі Дина Смайлованың айтуынша, баланың анасы 2025 жылғы 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні, оқиғадан кейін бірден қызын медициналық тексеруге апара жатқан кезде қорға хабарласқан.
Смайлованың сөзінше, отбасы ішінде күдіктінің жасы үлкен екенін алға тартып, істі сотқа жеткізбеуге үгіттегендер де болған. Алайда бұл әрекеттер баланың қауіпсіздігі мен әділдікті талап етуге кедергі болмаған.
«Айыпталушы өз әрекетінің қылмыс екенін толық түсінген. Ол қылмыс үстінде ұсталған сәтте қашып кеткен, полиция оны тек бір тәуліктен кейін ғана қолға түсірді», – деді құқық қорғаушы.
Материал авторы