Петропавлда зейнеткер әйел үсіп қайтыс болды
76 жастағы әжейдің емханаға шыққан жолы қайғылы аяқталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласында 76 жастағы зейнеткер әйел қатты суықтың салдарынан қаза тапты. Бағдарынан айырылған әйел бір тәулік бойы хабар-ошарсыз кеткен. Кейінірек ол медициналық мекеме аумағынан тірі табылғанымен, жағдайы тым ауыр болған.
Марқұм Валентина Паклина 14 қаңтар күні үйінен шығып, қайта оралмаған. Туыстары әйелдің жоғалғанын полицияға хабарлаған соң, іздеу жұмыстары басталды. Түрлі болжамдар қарастырылып, оның қала сыртындағы Солнечный кентіне кетуі де мүмкін деген нұсқа айтылған.
Арада бір тәулік өткен соң, 15 қаңтар күні таңғы сағат 10 шамасында полиция қызметкерлері зейнеткерді қалалық кардиоорталықтың аумағынан тапты. Әйел тірі болғанымен, қатты үсік салдарынан жағдайы аса ауыр деп бағаланған.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, зейнеткер әйел ауруханаға жеткізу кезінде жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.
Материал авторы