311

АҚШ Венесуэла мұнайын тасымалдаған алтыншы танкерді ұстады

Венесуэланың мұнайын тасып жатқандар жаппай құрықталып жатыр.

АҚШ Венесуэла мұнайын тасымалдаған алтыншы танкерді ұстады
US SOUTHERN COMMAND/Handout via REUTERS

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Қарулы күштерінің Оңтүстік қолбасшылығы Венесуэладан мұнай тасымалдауға қатысы бар Veronica атты танкердің ұсталғанын хабарлады. Операцияны «Оңтүстік найза» біріккен жедел тобының теңіз жаяу әскерлері мен әскери теңізшілері жүзеге асырған.

Ресми мәліметке сәйкес, танкер АҚШ санкциясына іліккен кемелерге арналған Кариб теңізіндегі карантин талаптарын бұзған. Осылайша, бұл – АҚШ жүргізіп жатқан операция аясында Венесуэламен байланысты алтыншы тұтқындалған кеме.

Ұстау операциясы АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйде Венесуэла оппозициясының көшбасшысы Мария Корина Мачадомен кездесуі қарсаңында жүргізілген.

Оңтүстік қолбасшылықтың мәліметінше, операцияға АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі мен USS Gerald R. Ford әуе тасымалдаушы кемесі де қолдау көрсеткен. Танкерді ұстау кезінде ешқандай қақтығыс немесе төтенше жағдай тіркелмеген.

«Новая газета Европа» басылымының нақтылауынша, Veronica танкерінің иесі ретінде ресейлік «Буревестмарин» компаниясы көрсетілген.

Бұған дейін, 9 қаңтар күні, АҚШ әскери құрылымдары Olina танкерін тұтқындаған еді. Ол Венесуэла мұнайын тасымалдауға қатысқан кемелерге қарсы жүргізілген операциядағы бесінші оқиға ретінде тіркелген.

Америкалық биліктің бағалауынша, Венесуэла мұнай экспортының шамамен 70 пайызы «көлеңкелі флот» арқылы жүзеге асады.

Ал бұдан бұрын Атлант мұхитында ресейлік компанияға тиесілі Marinera (Bella 1) танкері ұсталған. Кеме АҚШ жағалау күзетінің қудалауынан екі аптадан астам уақыт бойы жалтарып жүрген. Ресей тарапы бұл әрекетті «заңсыз күш қолдану» деп бағалаған.

Материал авторы