Маңғыстауда 50 жолаушысы бар автобус аударылды, төрт адам қаза тапты
Жол апатына қатысты жүргізуші ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында түнде жолаушылар автобусы аударылып, бірнеше адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғасы 16 қаңтарда түнгі сағат бір шамасында KZ-11 трассасының 383-ші шақырымында, Ақтау мен Бейнеу арасындағы учаскеде болды.
Полицияның мәліметінше, автобустың жүргізушісі көлікті басқара алмай, автобус шұңқырға аударылған. Салонда 50 адам болған.
«Төрт жолаушы оқиға орнында қаза болды. Тағы 17 адам ауруханаға жеткізілді, қалғандары амбулаторлық ем қабылдауда», – деді полиция өкілдері.
Автобус «CASPIAN TRANS CORPORATION» ЖШС-на тіркелген. Ресми ақпарат бойынша, көлік 2025 жылғы 19 желтоқсанда техникалық тексерістен өткен. Жол апатына дейінгі шамамен 200 шақырымда екінші жүргізуші ауысқан, ал рулде 1985 жылы туған ер адам болған.
Оқиға болған трасса асфальтпен жабылған, жолдың ені 9 метр. Полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары сараптамалар тағайындады.
Материал авторы